Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Денсаулық сақтау министрі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстырды.
«Қоғамдық денсаулық сақтаудың деңгейін көтеруде мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ету мақсатында кодекс жобасында Айкос, ГЛО, қорқор секілді темекінің жаңа түрлерін тұтынуды шектеу, сондай-ақ снюстер мен басқа да шегілмейтін темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге және таратуға тыйым салу, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделеді. Вакциналардың адам денсаулығына әсерін реттеу мақсатында адам денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан вакциналарды әкелу, сатып алу, тасылмалдау, сақтау ережелерін бұзғаны үшін, вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жасау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылады. Сонымен қатар қызметкерлердің денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу, медициналық қарап-тексерулер мен скрининг өткізу мақсатында әлеуметтік демалыстар беру көзделген», - деді Елжан Біртанов.
Осы орайда ол медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Медициналық көмектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық көмек көрсетудің стандартын әзерлеуде бірыңғай тәсіл қолданылатындығын, медициналық қызметпен айналысу лицензиясы орталық деңгейде берілетіндігін атап өтті.
«Ауылдық жерлерде көшпелі медициналық кешендердің, медициналық пойыздар мен қашықтан медициналық көмек көрсету құралдарының қолжетімділігі артады. Тегін медициналық көмектің көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру асында көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді», - деді Елжан Біртанов.
Сондай-ақ министр денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылым бағытында Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының талаптарына сәйкес білім алушыларды және түлектердің кәсіптік даярлығын тәуелсіз бағалау; университет ауруханаларын құру шарттары мен қызметінің қағидаттарын одан әрі дамыту жоспарланғанын айтты.
«Кодекс жобасы этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттейді», - деді ол.