12 қаз, 2021 сағат 14:38

Мамонт тістерін Қытайға асырмақ болған Ресей азаматы ұсталды


Нұр-Сұлтан қаласының әуежайынан мамонттардың азу тісі мен мүйізтұмсықтардың мүйізін контрабандалық жолмен Қытайға асырмақ болған Ресей азаматы ұсталды, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігі.

«Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті Ресей Федерациясының азаматына қатысты артефактілердің экономикалық контрабандасы фактісі бойынша тергеуді бастады.

Ресей азаматы Нұр-Сұлтан қаласының Халықаралық әуежайы арқылы жалпы салмағы 2 мың келіден асатын мамонттардың азу тісі мен жүнді мүйізтұмсықтардың мүйізін Қытай Халық Республикасына контрабандалық жолмен әкетуге тырысқаны анықталды», - делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, тауарды жөнелтуші – Мәскеу қаласындағы Жауапкершілігі шектеулі қоғамдастық директоры. Палеонтологиялық материалдарды Қазақстан аумағына әкелу және одан әрі ҚХР-ға жіберу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында ЖШС тіркеліп, директоры болып Ресей азаматы тағайындалған. 

«Мамандардың қорытындысына сәйкес, мамонттар мен жүнді мүйізтұмсықтардың қазба қалдықтарының зерттелген барлық бөліктері палеонтологиялық аретфактілердің ғылыми-тарихи, мәдени құндылығы бар әрі бірегей. Зерттелген қазба қалдықтарының барлық бөліктерінің құны 173 миллион теңгені құрайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәдени құндылықтарды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады.

Осылайша, ұсталған азамат аса ірі көлемде экономикалық контрабанда жасады деген күдікке ілінді», - делінген ведомство хабарламасында.

2021 жылғы 1 қазанда күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. 

«Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», - деп түйіндеді ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметінен.