ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында өңірлердің алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы мәселесі талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Өңірлерде 10 606 дербес қазандық немесе 99,8%, 45 908 тұрғын үй (98,1%) дайындалды. 4 943,4 км жылу желілері (99,1 %), 14 917,1 км (98,7%) сумен жабдықтау желілері жөнделген.
Көмір өндіруші компаниялар 75,1 млн тонна көмір өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 97,2%-ды құрайды (77,2 млн тонна).
Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11,4 млрд теңгені құрайды. Ең көп дебиторлық берешек Алматы қ. – 2,6 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қ. – 1,7 млрд теңге, Шымкент қ. – 1,3 млрд теңге және Маңғыстау облысында – 1,5 млрд теңге сақталып отыр.
2527 балабақша (95%), 6656 мектеп (99%) жылыту кезеңіне дайындық туралы актілерді алды. Республикалық маңызы бар 31 денсаулық сақтау нысаны бойынша жылыту маусымына орташа дайындық 99%, жергілікті маңызы бар 5640 нысан бойынша 97% құрайды.
«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, кестеден қалып қою, коммуналдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін отын дайындау деңгейінің төмен болуы фактілері орын алып отыр. Осыған байланысты әкімдерге жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдегі отынды алдын ала жеткізуді тапсырамын», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне екі апта ішінде белгіленген тәртіпте көмірді даярлау және өткізу пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізілім кестесін, сатылатын көмірдің бағасын және сапасын тексеруді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, көмір жеткізуге арналған вагондардың қажетті көлемін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұрғындардың коммуналдық қызметтері үшін дебиторлық берешегін жабу жұмысын күшейту қажет», — деді Премьер-Министр.
А. Мамин ҚР Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңірлер әкімдіктерінің алдағы жылыту маусымына барлық объектілерді дайындау жұмысын аяқтауын бақылауда ұстауды да қадағалауды тапсырды.
Жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР энергетика министрінің бірінші орынбасары М. Досмұхамбетов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі О. Әбішев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр баяндады.