19 жел, 2019 сағат 18:30

Мамин «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

Премьер-Министр А. Мамин ҚР Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

ҚР энергетика министрі Н. Ноғаев ҚР «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманың Іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары М. Әзірбаев өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл экономиканы» дамыту шаралары туралы баяндады.

Отырысқа қатысушылар Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамаларының бірі — елорданы, республиканың солтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ету үшін «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын іске асыру барысын қарады.

Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырының тартылуы аяқталу сатысында тұр, оны пайдалануға беру осы жылдың 31 желтоқсанына жоспарланған. Сонымен бірге, елордада, Қарағанды және Ақмола облыстарында газ тарату желілерін салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды — елімізде белгіленген қуаттылығы 938,8 МВт болатын 84 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Осы жылдың 10 айында ЖЭК электр энергиясын өндіру көлемі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65%-ға артып, 1,7 млрд кВт/сағ құрады.

Жыл басынан бері қуаттылығы 407,17 МВт болатын 16 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қуаттылығы 102,8 МВт болатын 3 ЖЭК нысаны пайдалануға беріледі, бұл жаңартылатын энергия нысандарының жиынтық қуаттылығын 1042 МВт дейін арттырады. 2020 жылы ЖЭК нысандарының санын 108 (1610 МВт), 2021 жылы – 119 (2096 МВт) нысанға дейін жеткізу жоспарланған.

ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов және «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Б. Есекина ҚР Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы келісім аясында Қазақстандағы «жасыл өсім» жөніндегі зерттеу нәтижелері туралы баяндама жасады.

Атап айтқанда, «ЭЫДҰ-ның жасыл өсім көрсеткіштерінің негізіндегі ұлттық есебінде» жасыл экономикаға көшудің заңнамалық және институционалдық негіздерін жетілдіру, халықаралық стандарттарға сәйкес жасыл экономикаға көшу барысын бағалау әдістемесін және жаңа жасыл индикаторларды енгізумен статистикалық есептілікті жалғастыру ұсынылады.

ҚР Президентінің жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес Президент Жарлығымен 2014 жылғы мамырда құрылды. Кеңес жанында су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері, қалдықтарды басқару, ауаның ластануын азайту, экожүйелерді басқару, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және ағарту мәселелері бойынша 8 жұмыс тобы бар.