Су тасқыны қаупі болғанда халықты хабардар ету жұмысын белсенді жүргізуі қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдермен бірлесіп, тиісті жедел штабтар құруды, алдағы су тасқыны кезеңіне күш пен құралдардың дайындығын және су тасқыны қаупі болған жағдайда халықты уақытылы хабардар етуді қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы.
Асқар Маминнің айтуынша, төтенше жағдайда жедел шара қабылдануы тиіс.
«Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі болғанда немесе су басқан жағдайдағы іс-әрекет барысы жайлы халықты хабардар ету жұмысын белсенді жүргізуі қажет. Ақпарат министрлігі осы мәселеде жәрдемдессін. Осы мәселе бойынша үйлестіру Роман Васильевичте», - деді Асқар Мамин орынбасары Роман Склярға қарата.