24 там, 2021 сағат 09:20

Мамин: Өңірлерде демалыс күндері шектеу шараларын жеңілдетуді қарастыру керек


Өңірлерде Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыру керек. Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияға осы жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді, ауру деңгейі төмендей бастады. Өткен аптада вирустың репродуктивтілік индексі 1-ден төмен түсіп, қазір 0,93 деңгейіне жетті. Ауруханалардағы орындар 49% пайызға, ал жансақтау бөлімдері 46% пайызға жүктелген», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол жауапты органдарға вакциналау науқанын күшейтуді міндеттеді.

«Вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 6,5 млн адамға жуық, ал екінші компонентін 5 млн-нан астам адам салдырды. Вакцина салдыру науқанын одан әрі күшейту қажет. Ведомствоаралық комиссияға эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқан өңірлердегі Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырамын», - деген Премьер-министр бұл жұмыстағы жалпы бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды.