12 қар, 2019 сағат 17:08

Мамин ХВҚ Қазақстан бойынша миссиясының басшысымен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Марк Хортонмен кездесті, деп хабарлайды primeminister.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Марк Хортонның жетекшілігімен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшыларымен кездесу өткізді.

Үкімет басшысына Қазақстандағы экономикалық ахуал туралы ХВҚ сараптамалық бағалаулары мен болжамдары ұсынылды, олар биылғы қараша айындағы Қор қызметкерлерінің Қазақстан Республикасына сапарының қорытындысы бойынша миссияның Қорытынды мәлімдемесіне енгізілген.

Миссия Қазақстандағы экономикалық өсудің жоғары қарқыны сақталғанын нақтылады, бұл негізінен мұнайлық емес сектордың, ең алдымен, құрылыс және көрсетілетін қызметтер саласының есебінен қамтамасыз етілді.

«Алдын-ала бағалаулар үшінші тоқсандағы үдеуді көрсетеді. Басты факторлар – тұтыну көлемінің артуы және инвестициялық қызметтің жалғасуы. Бұл бюджеттің қолдауымен, бөлшек несиелендірудің жоғары өсімімен, сондай-ақ, мұнай-газ саласындағы инвестициялық жобалармен себептеледі», — делінген ХВҚ миссиясының Қорытынды мәлімдемесінде.

Үкімет басшысы Қазақстан экономикасы осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша тұрақты өсу беталысын көрсетіп отырғанын атап өтті. Қазақстанның ЖІӨ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4%-ға артты.

Тараптар ақша-несие, бағам, салық-бюджет саясаты, банк саласындағы ахуал, Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикадағы құрылымдық реформалар, сондай-ақ, 2020 жылы Алматыда Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдеріне арналған ХВҚ-ның техникалық көмек бойынша Аймақтық орталығының ашылуы мәселелерін талқылады.

Кездесуге Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Көшербаев және басқа да ведомстволардың өкілдері қатысты.

ХВҚ миссиясы ХВҚ Келісімнің IV бабына сәйкес жыл сайынғы консультациялар өткізу үшін жылына екі рет Қазақстанға келеді.