06 нау, 2019 сағат 12:24

Мамин Дүниежүзілік банк және ЕҚҚДБ өкілдерімен кездесу өткізді

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропа қайта құру және даму банкінің өңірлік директоры Агрис Прейманиспен және Дүниежүзілік банктің ҚР-дағы өкілі Ато Браунмен кездесулер өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кездесулер барысында халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері және Қазақстанда тұрақты, теңгерілімді және әртараптандырылған экономика құру мен құрылымдық реформаларды жүргізу үрдісіндегі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары талқыланды.

Асқар Мамин мен Агрис Прейманис жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), инфрақұрылым мен көлік, қаржы секторы арқылы ШОБ-ты қолдауға баса назар аударумен энергетикалық сектордағы өзара іс-қимылдың стратегиялық бағыттары және басқа да мәселелерді талқылады. МЖӘ саласындағы, реттелетін секторлардағы трансформация және жекешелендіру үрдістеріндегі, тарифтік саясаттағы реформалар қарастырылды.

Ато Браунмен Әріптестіктің шекті стратегиясы мен Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасының іске асырылу барысы қарастырылды. 2019-2024 жылдарға арналған Әріптестіктің елдік стратегиясының жобасына, атап айтқанда, адам капиталының сапасын арттыру, жекеменшік секторды, инвестициялық ахуал мен сауданы дамыту, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы мен өңірлерді дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар өзара іс-қимылдың басымдықты салалары ретінде туризм, АӨК, индустрияландыру, цифрлық инновациялар, көлік-логистика саласы мен өңірлік инфрақұрылымды дамыту қаралды. Сонымен қатар, тараптар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған, ұзақ мерзімді жобаларға басымдық берілген Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясында ынтымақтастық басымдықтарын анықтады.

ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастық жылдары Қазақстанда жалпы сомасы €7,676 млрд болатын 253 жоба қаржыландырылды. ЕҚҚДБ жобаларының ағымдағы қоржыны жалпы сомасы $2,75 млрд болатын 123 жобадан тұрады.

Дүниежүзілік банктің жобалар қоржыны бүгінгі таңда 22 жобаны қамтиды, оның ішінде 7 ағымдағы жоба (шекті келісімнен тыс) және Әріптестік туралы шекті келісім аясында 15 жоба қамтылған.