14 мам, 2020 сағат 15:04

Мамин «Бәйтерек» холдингі Директорлар кеңесінің отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысында холдингтің 2019 жылға аудиттелген қаржылық есептілігі алдын-ала бекітілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Холдингтің компаниялар тобының активтері 2019 жылдың қорытындысы бойынша 5 трлн 214 млрд теңгені құрап, 10,5%-ға өсті (2018 жылы – 4 трлн 719 млрд теңге), ал шоғырландырылған таза пайда 48,4%-ға өсіп, 51,5 млрд теңгені құрады (2018 жылы – 34,7 млрд теңге). 

Отырысқа қатысушылар «Бәйтерек» холдингінің 2016-2020 жылдарға республикалық бюджеттен және ҚР Ұлттық қорынан бөлінген қаржы ресурстарын пайдалануы туралы ақпаратпен танысты. Қаражат жоспарға сәйкес игерілуде. Сонымен, биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша аталған кезеңде бөлінген 957,9 млрд теңге есебінен, қайтарылған қаражатты қайта игеруді ескере отырып, экономика 1 трлн 164,9 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды.

 

Директорлар кеңесі холдингтің 2019 жылға арналған корпоративтік басқару кодексінің қағидалары мен ережелерінің сақталуы туралы есепті бекітті. Құжатта корпоративтік басқару қағидаттарының сақталуын бақылау нәтижелері және оның ережелерін орындау бойынша қабылданған іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілген.

Сонымен қатар отырыста холдингтің 2020 жылғы I тоқсандағы тәуекелдер бойынша есебі және сол кезеңдегі Ішкі аудит қызметінің есебі бекітілді.