07 қар, 2019 сағат 09:53

Мәлік Әденов: «Мәмс жүйесімен бірге медициналық қызметтің сапасы артады»

2020 жыл 1 қаңтардан бастап ел азаматтарына медициналық көмек ТМККК және МӘМС  пакеттері бойынша көрсетіледі. ТМККК жаңа моделіне жедел жәрдем және медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен қатар, туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. Қос пакетте де туберкулезді емдеу ісіне ерекше көңіл бөлінген – диагностика жасау, оңалту мемлекет есебінен тегін. Еліміздегі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденовпен сұқбаттасып, МӘМС жүйесінде аталған  диагнозға тағы қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын сұрадық. 

- Мәлік Молдабекұлы, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында науқастар толық мемлекет есебінен емделеді. Ал МӘМС жүйесі енгізілген соң, тарифтер тағы көтеріледі деген жоспар бар. Жалпы, туберкулезді анықтау, емдеуге  қазір қаржы жеткілікті ме?       

- Қазақстанда 2002 жылдан бастап туберкулезге шалдыққан науқастардың саны жылдан жылға азайып келеді. Бірақ, бұған қарамастан, орталыққа бюджеттен бөлінетін қаржы қысқарған емес, керісінше, артылған ақшаның  есебінен тарифтер көтерілуде. Ал үнемделген қаржыны туберкулезді анықтау, тиімді емдеу және алдын алу үшін әлемдегі барлық, заманауи, жаңа технологияларға жұмсаймыз, яғни, туберкулезді емдеуге бүгінгі таңда елімізде қаржы жеткілікті.

Елбасының үкімімен 1998 жылдан бастап Қазақстанда туберкулезді ДДСҰ халықаралық стандартына сай емдейді. Міне, содан бері 20 жылдан асты біз жыл сайын стандартты жаңартамыз, туберкулезді ерте анықтау мен қысқа уақыт ішінде тиімді емдеудің тың әдістерін  енгіземіз  және оны аймақтарға  таратамыз.  Сонымен қатар, Қазақстан ТМД елдері арасындағы туберкулезді  ақысыз емдеп,  науқастарға тегін дәрі-дәрмек таратын  бірден бір мемлекет.

Туберкулез - жұқпалы ауру ғой. Дәрігерлер: «бұл дерттің ашық түріне  шалдыққан адам айналасына қауіпті» дейді. Еліміздің бас фтизиопульмоногы ретінде айтыңызшы, қоғамдық орындарда қалай қорғануға болады?   

-Туберкулезге шалдыққан адамның барлығы қоршаған ортаға қауіпті емес. Науқастардың көпшілігі – үштен екі бөлігі туберкулездің жұқпалы емес түріне шалдыққан, олардың дерті ерте анықталып отыр. Жалпы, туберкулез қалай тарайды, адамдар алдымен осыны жақсы білуі керек. Ол ауа арқылы жұғады. Науқаспен тығыз байланыста болған, ұзақ уақыт бір бөлмеде қалған, бір үйде тұратын адамдарға ауру жұғуы мүмкін. Сондықтан әр уақытта бөлмелерді желдетуді дағдыға айналдыру керек. Балаға  туа салысымен туберкулезге қарсы екпе салдыру қажет. Вакцина баланы 5-6 жасқа дейін туберкулездің асқынған түрін жұқтырудан қорғайды. Ал ересектер бұл сырқаттың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстануы тиіс - уақытылы демалып, таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданып, үнемі иммунитетті жоғары ұстаған абзал.

- МӘМС жүйесі аясында стационарды алмастыратын көмекті көбейту жоспарлануда. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығына келетін науқастарға  стационарды алмастыратын ем тиімді ме?

- Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында стационарлық жағдайда емделетін аурулардың нақты тізімі жазылған. Бірінші кезекте жұқпалы аурулар дәрігердің қатаң бақылауында болады. Ал туберкулезді емдегенде ең бастысы – науқас берілген дәрілерді уақытылы және де медицина қызметкерінің бақылаумен ішуі тиіс.

Сондықтан, амбулаториялық ем қабылдап жүрген науқастар дәрілерін жақын жердегі медициналық мекемелерге барып қабылдайды, кейбірін смартфонмен видеоқоңырау  арқылы бақылап отырамыз.

- Мәлік Молдабекұлы, дәрігер ретінде МӘМС жүйесінен не күтесіз? Отандық денсаулық сақтау саласында қандай өзгеріс болуы мүмкін?

- МӘМС жүйесімен бірге медициналық қызметтің сапасы артады. Өйткені, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары медициналық мекемелердегі қызметтің сапасын жіті бақылауда ұстайды. Ал аурухана, клиникалар қазіргіден де тиімді емді, әлемдегі соңғы әдіспен жасалатын отаны үйренуге тырысады және алдарына келген науқас тез жазылып шықса деген мақсат қояды. Міне, осының нәтижесінде  елімізде емдеу қызметі жоғары деңгейге көтеріледі.

- Қазақстанда фтизиопульмонолог дәрігерлер  жеткілікті ме?

- Фтизиопульмонолог дәрігерлерді халықаралық стандартқа сай дайындауымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп заманауи кадр әзірлеу мәселесін талқылап жатырмыз, ортақ шешім табылып білікті мамандарды дайындау жүйесіне қол жеткіземіз деп сенемін. Жас мамандар оқуды тәмамдап, жұмысқа орналасуда, дәрігерлердің жалақысы да  жылдан жылға көтеріледі. Биыл 1 маусымнан ақ халаттылардың табысы 30 пайызға өсті, келесі жылы да еңбекақыны арттыру жоспарда бар. Жаңа технология, инновациялық әдістерді тез игеріп, пациентті қысқа уақыт ішінде емдеп шыққан дәрігерлерге бюджеттен бөлінген қаражаттан  бөлек  жеке  сыйақы дайындауға  болады.

- МӘМС жүйесі іске қосылғанда медициналық мекемелер өзара бәсекеге түспек.  Пациент үшін таластың  фтизиопульмонология орталығына да қатысы бар ма?

- Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында әр  науқастың күндік еміне 17 мың теңге жұмсалады – бұған науқастың тамағы, емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, жасалатын отаның құны, коммуналдық төлемдер, қызметкерлердің жалақысы, т.б. кіреді.

МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін біздің ортада да бәсекелестік болады. Орталықтың сайтында көрсететілетін ем-дом түрлері  жазылған және кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргіземіз, аймақтарға жүйелі түрде телемедицина арқылы кеңес бере аламыз, дерттің күрделі түріне шалдыққан науқастарды орталыққа шакырып емдейміз және де әрбір науқас керекті емін алуға осы орталықты таңдауға құқылы. Ал біз пациенттерді барынша тиімді емдеуге  күш жұмсауымыз керек.