13 қаз, 2020 сағат 15:58

Малайзияда Абай атындағы Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды

Бүгін Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Ұлттық кітапханада Абай атындағы Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, Абай орталығын ашудағы мақсат – шетелдік аудиторияны Қазақстанның бай әдеби, тарихи және мәдени мұрасымен таныстыру. 

Іс-шара аясында сондай-ақ, Малайзиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің күшімен алғаш рет малай тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздер» кітабінің тұсауы кесілді. 

Орталыққа қазақ әдебиетінің өзге де кітаптары мен шығармалары және ұлттық музыкалық аспап – домбыра сыйға тартылды.

Абай атындағы Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылу рәсімінде Малайзия Ұлттық кітапханасының бас директоры М.Исмаил және ҚР Елшісі Б.Иманбаев орталықтың бірегейлігін және оның екіжақты ынтымақтастықты нығайту, халықтарды жақындату және Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени алмасу бағытындағы маңыздылығын атап өтті.

Орталықтың ашылу рәсімі аясында, тараптар елдегі шектеу шаралары аяқталғаннан кейін, Абай орталығы базасында тұрақты түрде түрлі бірлескен көрмелер мен мәдени іс-шаралар өткізуге қол жеткізді.