08 қыр, 2020 сағат 11:19

Мал - халықтың байлығы емес, тіршілік көзі - Бас прокурордың орынбасары

Елімізде мал ұрлығы 24 пайызға азайды. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыр қылмыстардың бірі - мал ұрлығы. Президент бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр. Мал бүгінде халықтың байлығы емес, ол қашанда тіршіліктің көзі. Қазақ амандасқанда алдымен «мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Оның мағынасы зор. Себебі қарапайым қазақ аздаған малымен жан бағып отыр. Соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті. Сондықтан Қылмыстық кодекске «мал ұрлау» деген жеке бап қостық. Ол нәтижесін беруде. Қазіргі күні мал ұрлығы 24 пайызға азайып отыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, жазаның ауырлатылуы және татуласуға тыйым салу ұрлыққа мықты тосқауыл болды. 

«Мәселен, осы жылдың мамырында Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан 5 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олар 200-ге жуық ірі қараны ұрлап, ауыл адамдарына миллиондаған шығын келтірді. 1 қыркүйекте мал ұрлығы туралы жаңа баппен осы 5 адамның әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айырды», - деді Марат Ахметжанов.