02 мам, 2020 сағат 12:28

Мақтааралдағы су тасқыны: Республикалық жедел штаб жұмыс істеуде

Жеңіс және Жаңа тұрмыс елді мекендерін су басуына байланысты 2 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысындағы қазіргі жағдайды бағалау үшін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков және Ұлттық ұлан қолбасшысының орынбасары Арлен Бүркітбаев әуемен ұшып өтті.

«Мақтаарал ауданындағы Фердоуси және Нұрлы жол елді мекендеріне су басу қаупі төніп тұрғандықтан 3 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған тұрғындар Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде орналасқан 9 эвакуациялау және қабылдау пунктеріне орналастырылды» делінген баспасөз хабарламасында.

ТЖК жедел штабы және Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті эвакуация жолдарының орналасуын және зардап шеккен халықты қабылдау пунктілерінің орналасуын анықтауда. Республикалық жедел штабтың басшысы - ТЖК басшысы Владимир Беккер. 

«Төтенше жағдайдағы құтқару жұмыстарына Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің, Ұлттық ұланның, Қорғаныс министрлігінің, аудандық полиция бөлімінің, жергілікті атқарушы органдардың 635 адамы мен 60 дана техникасы жұмылдырылды. Жедел желі телефондары: 8-7253-34-06-50, 8-7254-12-22-25» делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, «Казгидромет» РМК болжамы бойынша, 2-6 мамыр аралығында Түркістан облысында жауын-шашын жауады. Кей жерде оның көлемі 25 мм-ға дейін жетуі мүмкін, сондықтан облыстағы таулы аймақтарда су деңгейі көтерілуі ықтимал. 

Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су төгіліп, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілген

Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты сабырға шақырып, төтенше жағдайды реттеуге аймақтың толық мүмкіндігі бар екенін айтты.