Түркістан облысында зардап шекен балаларды сауықтыру, олардың білім алуына жағдай жасау және ҰБТ-ға дайындалуына көмектесу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді міндеттеді. Үкімет басшысы Президент тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету аясында мақтааралдық балаларды сауықтыру жұмыстарын қолға алуды тапсырған болатын.
Түркістан облысында зардап шекен балаларды сауықтыру, олардың білім алуына жағдай жасау және ҰБТ-ға дайындалуына көмектесу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалардың орындалу барысы пысықталды», делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен Жеңіс, Нұрлы жол, Жаңа тұрмыс, Өргебас, Фирдоуси елді мекендерінде мектеп жасындағы 1 820 бала бар.
«Олардың басым бөлігі «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барады. Ол үшін карантин кезінде жұмысын тоқтатқан орталықтың қызметін жандандыру туралы шешім қабылданды. Қалғаны «Еркежан», «Бәйшешек», «Сарыағаш», «Қазығұрт» «Балдәурен» (жекеменшік) лагерьлеріне жіберіледі. Сондай-ақ, өңірдегі жоғары оқу орындарының жатақханаларында балаларға оқу сауықтыру жұмыстары ұйымдастырылады. Онда балалар сабақ оқып, тамақтанып, демалады», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мақтааралдық балалардың жағдайын Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті мен өңірдегі Білім басқармасы жіті назарда ұстап отыр.