13 мам, 2020 сағат 11:05

Мақтаарал ауданының елді мекендерінен 6,2 миллион текше метр су сорылды

Мақтаарал ауданының елді мекендерінен 6,2 миллион текше метр су сорылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұрлыжол, Фердоуси, Өргебас, Достық және Жеңіс елді мекендерінен 6,2 млн текше метрден астам су сорылды. Жалпы ұзындығы 22 шақырым уақытша бөгеттер салынды. 87 000-нан астам қап төселді және су бұру үшін 3 коллектор орнатылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Өргебас ауылында автокөлік қозғалысы үшін ішкі автожолдар ашылды. Фердоуси ауылында бір тәулікте 10-нан астам ауладан су сорылды», - делінген комитет ақпаратында.

Ведомство мәліметінше, Жеңіс, Өргебас және Фердоуси ауылдарында Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері су басқан үйлер мен аула аумақтарын батпақтан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары арт-терапия әдістерін қолдана отырып, зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуде.

Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас, Жантақсай ауылдарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 4 блокпост қойылды. Тәулік бойы ІІМ, ҚО, ЖАО және Өзбекстан ТЖМ күштері мен құралдары 1626 адам, 324 бірлік техника, 17 жүзу құралы, 217 мотопомпа жұмысын жалғастыруда.

«Мақтаарал ауданында төтенше жағдай болғалы бері 1 626 адам, 324 техника, 17 жүзу құралы және 217 мотопомпа апаттық құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Кешеден бері Ішкі істер министрлігінің және жергілікті атқарушы органның бекітілген техникаларының, Өзбекстанның Үкіметі тарапынан жұмылдырылған адамдар мен күш-құралдардың көмегімен 300 текше метрден астам су сорылып, қауіпсіз жерге ағызылды», - деді Түркістан облыстық ТЖД бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрғали Жүнісов.