06 мам, 2020 сағат 09:33

Мақтаарал ауданына ІІМ-нің қосымша күштері жетті

ҚР Ішкі істер министрлігі өңірлердегі ведомстволық мекемелерінен Түркістан облысының Мақтаарал ауданына қосымша күш тартып, төтенше жағдай салдарын жоюға жұмылдыруда. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті хабарлады.

5 мамыр күні Шымкент қаласы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінен барлығы 116 адам, 58 техника, жүзу құралдары және мотопомпалар төтенше жағдай салдарын жою үшін Түркістан облысына келді. 

6 мамыр күнітаңертең Шымкент қаласы мен Түркістан облыстық ТЖД-ның жеке құрамымен бірге, 6 тіркемелі мотопомпа қосымша жіберілді. 

Бұдан бөлек, Алматы қаласынан Ұлттық ұлан әскери бөлімінің күштері мен құралдары (160 адам, 15 бірлік техника) түнде Шымкент қаласына жетіп, қазір оқиға орнына бара жатыр.

Осылайша,ҚР ІІМ-нің төтенше жағдай орындарына жұмылдырылған күштері мен құралдарының жалпы саны: 335 адам, 112 техника, жүзу құралдары мен мотопомпаны құрады. 

«5 мамырда кешке Шымкент қаласынан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан келіп жеткен ТЖК күштері мен құралдары құтқарушыларды орналастыру үшін лагерь орнатты. Өткен тәулікте келіп жеткен Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласы ТЖД күштері 2 млн. жуық текше метр суды сорып шығарды. Қоғалы, Нұрлы жол, Фердоуси, Ырысты, Қарақыр, Өргебас елді мекендерінде ұзындығы 15 шақырым бөгетті нығайтып, 85600 құм салынған қап төседі. Қосымша тартылған инженерлік техника Мырзакент кентінде шатырлы қалашықта орналасқан. Әрбір 2 сағат сайын су деңгейіне мониторинг жүргізіледі, ол жедел штабтың тұрақты бақылауында. Су басқан учаскелер мен қауіпті елді мекендер аймақтарының ахуалдық картасы әзірленді», - деді Төтенше жағдай комитетінен. 

Жедел штаб Мырзакент елді мекенінде аудандық әкімдік ғимаратында орналасқан. Штабта ҚР ІІМ ТЖК және Ұлттық ұланның, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Түркістан облысының ТЖД, Түркістан облысының Полиция департаментінің өкілдері жұмыс істеуде. 

Сондай-ақ мәлім етілгендей, апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін ҚР Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардан барлығы 986 адам, 180 техника мен 4 жүзу құралы жұмылдырылды. Жою жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, еріктілер қатысуда.