18 мау, 2019 сағат 10:03

Мақсат Сқақов ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды

Мақсат Сқақов ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Сқақов Мақсат Нұрлыбекұлы Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды» делінген хабарламада. 

Президенттің жаңа штаттан тыс кеңесшісі 1978 жылы Қызылорда облысында туған. Тарих пәні мұғалімі, құқық және экономика негіздері, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша білім алады. "Болашақ" бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқыған. Философия және экономика ғылымдарының докторы. Қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерін біледі.

Елбасының күзет қызметінде еңбек еткен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицері. Премьер-министр кеңесшісі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің тілдер комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Бұдан бөлек, Мақсат Сқақов – қазақ күресінен елордалық федерацияның президенті және Маңғыстау облысы бойынша джиу-джитсу федерациясының басшысы. Спорттық жетістіктері туралы айтсақ, Қазақстан қарулы күштерінің әскери самбодан чемпионы, самбо мен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.