27 нау, 2019 сағат 16:15

Махмұт Қасымбек. Жасампаздық дәуірі

Ұлттың шынайы ұлылығы әрдайым тәуел­сіз әрі қуатты мемлекет құру үдерісінде кө­рініс тауып келді. Тарихи қауіп-қатерлерге толы қилы кезеңдерде жетістікке жету бақыты жер бетіндегі мыңдаған этностардың аздаған бөлігіне ғана бұйырды. Бүгінде әлем бойынша екі жүздей егеменді ел бар. Со­лардың ішінде ондаған мемлекет қана гео­саяси күшке ие болып, экономикасын өркендете алды.

Қиын-қыстау кезеңнен өткен бұл таң­дау­лы халықтар өздерінің болаттай берік болмысын қалыптастырып, күш-қуатына деген нық сенімге ие болды. Ал әрбір азаматтың тарихи маңызы зор мемлекет құру ісіне атсалысуы олардың бойында ұлттық мақтаныш сезімін ұялатып, береке мен бірлікке бастады.

Сонымен қатар әлем тарихы кез кел­ген елдің қарқынды әрі табысты дамуы ұлт көсемдерінің өз дәуіріндегі жоғары стра­тегиялық міндеттерге және мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлердің ауқымды деңгейіне барабар ерен еңбегінсіз ешқашан жүзеге аспайтынын нақты дәлелдеп берді. Тіпті олар әрдайым жаһандық даму көшбасшылары болып саналатын халықтардың барлық ма­ңызды жетістіктері мен жеңістеріндегі шешуші факторлардың бірі ретінде танылды.

Сондықтан тарихтың бетбұрыс сәт­терінде биік белестерді бағындыру үшін халқын рухтандырып, болашаққа жол көр­сете алатын ұлт кемеңгерін дүниеге әкелген елдер ғана бақытты өмір кешеді.

Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.

Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалып­тас­тыруды дәл осы азаматқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыс­тығын дәлелдеді.

Оның шынайы егемендіктің негі­зін қалауға, тиімді экономиканы қалыптас­тыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихы­ның жаңа кезеңіндегі ел дамуының ба­сым­дықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қа­зақ­станның Тұңғыш Президентін қазіргі мем­лекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи фено­мені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді.

Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жос­парлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Елбасының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде елі­міздің мемлекет құрып, таңғаларлық нә­тижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғам­ның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүние жүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінде мемлекеттік басқару мен көш­бас­шылықтың халықаралық теориясында ұлт­тық жаңғыру мен эволюциялық өзге­ріс­тер­дің жаңа әрі табысты үлгісі жасалды деп нық сеніммен айта аламыз. Бұлар­ды ауқымдылығы жағынан Жапонияда Мэй­дзи­дің, Түркияда Ататүріктің, АҚШ-та Франклин Рузвельттің, Германияда Людвиг Эрхард­тың, Сингапурда Ли Куан Юдің, Қытайда Дэн Сяопиннің реформаларымен салыстыруға болады.

Көптеген беделді сарапшылардың пікірі бойынша Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз халқының өсіп-өркендеуі және игілігі үшін қалтқысыз қызметімен, саяси көрегендігімен және бірегей стратегиялық ойлау жүйесіндегі айқын талантымен ерекшеленген әлемнің аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына кіреді.

Ұлы дала сан ғасырлық ұйқыдан оянып, қайтадан жүздеген жыл бұрынғыдай әлемдік дамудың алдыңғы сапына шығуға ұмтылған кезде саяси көшбасшылықтың осындай сапасы мен тиімді стилі ғасырлар тоғысында аса қажет еді.

Шынайы көшбасшылар бүгінгі күнмен өмір сүрмейді және конъюнктуралық категориялар тұрғысынан ойламайды. Уинстон Черчилльдің саясаткерлер келесі сайлау туралы, ал мемлекет қайраткерлері келешек ұрпақ жөнінде толғанады деген ұлағатты сөзі бар. Нұрсұлтан Назарбаев күрделі де қиын жағдайларда үнемі батыл қимылдап, нақты шешім қабылдады. Жауапкершілікті өзіне алып, ұлттық стратегиялық жоспарлау ісінің көкжиегін үздіксіз кеңейтті. 

Осы жылдары ол мемлекет құрылысының күрделі міндеттерін шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін қарқынды әрі зияткерлік тұрғыдан үздіксіз ізденісте болды. Соның нәтижесінде өзекті ойлар мен мазмұнды мәтіндер, перспективті жобалар мен идеялар, өмірге қажетті бастамалар мен бағдарламалар дүниеге келді. Олар тәуелсіз Қазақстанның дәйекті дамуы және орнықты ілгерілеуі үшін сенімді негіз қалады. 

Н.Назарбаевтың инновациялық фор­мулалары мен бірегей жаңғыру логикасы­ның доктринасы алты негізгі бағытпен – оның саясатының жүйе құраушы діңгектерімен сәйкес келеді. Бұлар егеменді мемлекеттің және ұлттың жылдам қалыптасу үдерісінде ішкі тепе-теңдік пен белгілі бір қарқынды қам­тамасыз етеді.

Елбасының концептуалды моделінің осы «алты алтын ережесі» аясында оның бүкіл маңызды жетістіктері, аса ауқым­ды жұмыс­тары және жаңа жаһандық әлем­дегі қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақ­стан­ды құру жөнін­дегі зор күш-жігері айқын көрінеді.

І. Қайта жаңғырған мемлекеттілік

Бүгінде, ХХІ ғасырдың екінші онжыл­ды­­ғының соңында, Қазақстан бүкіл әлемге қалып­тасқан әрі жарқын болашаққа ұмтылған мем­лекет ретінде танылды. Еліміздің өскелең ұр­пағы осы жағдайды тарихи оқиға және берік болмыс ретінде қабылдайды. Бұл – негі­зінен әділетті. Бірақ біз тәуелсіздігіміздің бас­тауында кім тұрғанын және қалыптасудың аса маңызды жылдары оның темірқазығы кім болғанын әрдайым есте сақтауымыз қажет. Кезінде алып «қызыл империяның» «жарық­шақтарының» бірі болған Қазақстан бірте-бірте мықты өңірлік державаға айналды.

Еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көреген басшылығының арқасында өзінің даму жолын айқындап, қайталанбас ұлттық бірегейлікке қол жеткізу үшін күрделі кезеңді бастан кешіргенін ұмытпауымыз керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жаңа егеменді еліміздің негізін қалау және эко­номиканың тиімді нарықтық үлгісін қалып­тастыру барысында күрделі әрі жаппай етек алған көптеген проблемаларға тап болдық. Халқымыздың көпшілігі не істерін білмеді. Әлеуметтік сала тоқырап қалды. Ал халықаралық деңгейде бізді терра инкогнито деп қабылдады.

Еліміздегі ауыр әлеуметтік-экономика­лық дағдарыс және қоғамдық сананы са­пы­рылыстырған өзгерістер жас мем­ле­ке­ті­міздің болашағына қатысты көптеген пес­симистік пікірлердің таралуына әкеп соқтырды.

Бәріміз үшін сындарлы болған осы кезең­де тәуелсіз Қазақстанның бас архитек­торына әрі идеялық тұрғыдан дем берушісіне айнал­ған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың зор саяси таланты мен тұлғалық қасиеті тарих сахнасында айқын көрінді. 

Аз ғана уақыттың ішінде ол ежелгі Ұлы даланың қуатты державаларының тари­хи-мәдени мұрагері саналатын жаңа мем­лекеттің базалық негіздерінің бәрін ай­қын­дап, біртіндеп нақты іске асырды. Ең алдымен, Тұңғыш Президентіміздің күш-жігері еліміздің ұйымдастырушылық-құқық­тық негіздерін, институционалдық құры­лысты, қауіпсіздік пен халықаралық қатынас­тар­ды нығайтуға, қаржылық-эко­но­микалық еге­мендігімізді қамтамасыз ету­ге және ұлт­тық бірлік пен келісімге не­гіз­делген идеологияны қалыптастыруға жұмылдырылды. 

1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік еге­мендік туралы декларацияның қабылдануы бұл бағыттағы алғашқы қадам болды. Бірақ осы құжаттың зор тарихи маңыздылығына қарамастан, тәуелсіз Қазақстанның нақты тарихы 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылдаған сәттен басталады. Аталған заң мемлекет дамуының алғашқы кезеңін Конституция деңгейінде ресімдеп, еліміздің халықаралық құқықтық нормаларды құрметтейтінін көрсетіп, сыртқы саясаттағы дербестігін бекітті. Осы негіз қалаушы заңнамалық актінің арқасында ұлттық қауіпсіздік жүйесін құрып, өзіндік қаржы, салық және кедендік саясатымызды қалыптастырдық. Сонымен қатар бұл елімізді қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді жаңғырту үшін сенімді база әрі үйлесімді құқықтық мемлекет құру үшін мықты негіз болды.

Жас республикамыздың егемендігін заңды түрде ресімдеп, институционалдық тұрғыдан нығайту үдерісінің мәні зор еді. Әсіресе өзіміздің ұлттық рәміздерімізді анық­тап, оны азаматтарымызға және бүкіл әлемге таныстыру аса қажет болды. 

Бұл қадамның бүкіл идеологиялық маңызын түсінген Тұңғыш Президент Қазақстанның ресми Туын, Елтаңбасын, Ән­ұранын әзірлеуге тікелей өзі атсалыс­ты. Күрделі шығармашылық үдеріс 1992 жыл­ғы 4 маусымда аяқталды. Осы күн жаңа Мем­лекеттік рәміздер күні ретінде белгіленді. 

Шамамен 15 жылдан кейін еліміздің Әнұранының жаңа нұсқасы мақұлдан­ды. Әнұран мәтіні авторларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаев.

Егемендіктің маңызды визуалды-рәміздік атрибутының бірі саналатын ұлттық валюта 1993 жылы қарашада енгізілді. Қазақстан тең­гесі еліміздің экономикалық дербестігін айтар­лықтай күшейтті және қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етті. 

Сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттің не­гізгі атрибуты – халықаралық деңгейде мойын­далған аумағымыз. Көптеген дала импе­рия­ларының тарихында шекара түсінігі көбі­несе шартты ұғым болатын және ресми құжат­тарда сирек белгіленетін. Ал дамыған жаһан­дық институттар мен қазіргі заманғы халық­аралық құқық жағдайында «әлемдегі тоғы­зыншы аумақтың» мемлекеттік шека­расы­ның заңды түрде ресімделуі жас республика үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болды, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің мәні зор басымдығына айналды.

Еліміздің құрлықтағы мемлекеттік шекара­сының ұзындығы – 13 400 шақырым. Құр­лық­тағы шекараны делимитациялау үдерісі қысқа мерзім ішінде, 1992-2005 жыл­дар аралығында жүзеге асырылды. Каспий теңізі арқылы өтетін шекарамыз 2018 жылы Ақтау қаласында шекара маңы ел­дері­нің тиісті құқықтық Конвенцияға қол қоюымен түбегейлі орнатылып, бекітілді. Енді мемлекеттік шекарамыздың бүкіл пери­метрі бойынша көршілес елдермен арамызда даулы және шешілмеген мәселе жоқ. Шекараның тұтастығы көпжақты және екі­жақты келісімдер жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп, кепілдік беріледі. 

Қазақстан өз тарихында алғаш рет заң­ды түрде ресімделген және халықаралық дең­гейде мойындалған мемлекеттік шекараға ие болды. Жаһандық геостратегиялық бел­гісіздік және түрлі елдер арасындағы шекара мәселесіне қатысты қақтығыстардың өршуі жағдайын ескерсек, бұл – Елбасының негізгі жетістіктерінің бірі.

Елбасы дәйекті сыртқы саяси қызметпен қатар, мемлекеттік шекараны қорғау ісін күшейтіп, еліміздің аумақтық тұтастығын сақтау мәселесіне әрдайым айрықша көңіл бөлді. Осы стратегиялық міндетті қамтамасыз ету үшін 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен респуб­ликамыздың егемендігінің сенімді кепілі саналатын өз Қарулы Күштеріміз құрылды.

Жас мемлекеттің іргетасы енді қала­нып жатқан алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назар­баев қысқа мерзімде өте маңызды жүз­деген заң жобаларын әзірлеп, бекітті. Бұл қоғамның барлық саласында ауқымды рефор­маларды уақтылы жүзеге асыруға мүм­кін­дік берді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз үш мыңға жуық заңға және жеті мыңдай жарлыққа қол қойды.

1995 жылғы 30 тамызда өткен республи­ка­лық референдумда Ата Заңның жаңа нұс­қасының қабылдануы мемлекетті құру­­дың бастапқы кезеңіндегі ерекше ма­ңыз­­ды оқиға болды. Бұл құжат елімізді жан-жақты жаңғырту үшін берік негіз қалады. Жаңа Конституцияда «Қазақстан Рес­пуб­ликасы өзін демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ретін­де ор­нықтырады, оның ең қымбат құн­ды­лықтары – адам және адамның өмі­рі, құқық­тары мен бостандықтары» деп жа­зыл­ған. Сондай-ақ «Қоғамдық татулық пен сая­си тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм» Конституцияда бекітілген Қазақ­стан Республикасы қызметінің түбе­гейлі принциптері ретінде танылды.

Тұрмыс салтының түбегейлі өзгеруінің кез келген көріністері жұртшылықтың заңды қарсылығын туғызары анық. Бұл көбінесе наразылықтың ең радикалды түріне айналуы мүмкін. Саяси оппоненттердің бітіспес қақтығыстарын, радикалдардың қырғи-қабақ тартысын, тіпті кей жерлерде бір-бірін өлтіруге дейін баратын мағынасыз әрі нәтижесіз азамат соғысын бастан өткерген посткеңестік елдердің көбінде осылай болды.

Бақытымызға қарай, ескі кеңестік тота­литарлық жүйенің қалдығы және плюралистік қоғам мен нарықтық экономикаға көшу ісі трагедиялық катаклизмге ұрындырған жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси кемелдігі мен мемлекет ісіндегі даналығы кейбір көршілес елдердегідей келеңсіз жағ­дайларды болдырмай, үйлесімді әрі жалпы­ұлттық келісім мен бірліктің нақты үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар кез келген қоғам жақсы мотивация мен пәрменді жұмылдырушы бас­тамаға зәру. Осыған орай Елбасы  мәдениет пен дәстүрді жаңғырту және қазақ тілін жан-жақты дамыту мәсе­лесін мемлекеттік саясаттың негізгі ба­сымдықтарының біріне айналдырды. Осы жылдары ұмытылған көптеген тарихи тұл­ғалар ақталып, қасіретті оқиғалардың әділ бағасы берілді. Еліміздің барлық өңірінде жүздеген еске алу шаралары мен салтанатты мерейтойлар өткізілді. Мұның бәрі халықтың патриоттық рухын біртіндеп күшейтті және қоғамдағы ұлттық дүниетанымның ны­ғаюына септігін тигізді.

Дегенмен, рухты көтеретін бастама­лар­­дың ішіндегі айрықша жоба – Астана қаласы. 1990-жылдардың ортасында ауыр әлеумет­тік-экономикалық дағдарыс пен үлкен саяси өзгеріс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға – мемлекеттің географиялық орталығына көшіру идеясын ұсынды. Оның ақылға қонымдылығы мен символдық мәнін, әсіресе еліміздің дамуына жол ашатын перспективасын сол кезде санаулы-ақ адам пайымдай білді.

Елбасының саяси ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында Қазақстан кез келген мемлекеттің шамасы жете бермейтін осынау зор жобаны табысты жүзеге асырды. Аз ғана уақыттың ішінде Астана еліміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңірдің шын мәніндегі саяси, экономикалық, мәдениет және білім орталығына айналды. Жаңа елорда Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан қолайлы географиялық артықшылықты тиім­ді пайдалануға мүмкіндік берді. Ұлттық эко­номиканың негізгі қозғаушы күші болды. Сондай-ақ жұртшылықты жұмылдыратын қуатты орталыққа айналып, көптеген ауқым­­­ды бағдарламалар мен маңызды бас­та­ма­лар­ды байланыстыратын дәнекер қызметін атқаруда.

Бұл мақаланың форматы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиғалардың бәрін толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Деген­мен, ең бастысы: Нұрсұлтан Назарбаев бас­­таған Қазақстан халқы қысқа мерзімде жаң­­­­ғыр­ған мемлекеттің берік іргетасын қалады.

Әлем картасында жаңа тәуелсіз ел – Қазақ­­стан Республикасы пайда болды! Қол жет­кізген жетістіктеріміздің бәрі қуатты мем­­лекеттіліктің, жұдырықтай жұмылған жұр­ты­мыздың және мықты көшбасшының арқасында жүзеге асты.

ІІ. Заманауи үлгідегі бәсекеге қабілетті нарықтық экономика

Тәуелсіз Қазақстан үшін әуел бастан эко­номиканы дамытудың басымдығы жаңа елдегі барлық қайта құру үдерісінің логикасын айқындады. Тұңғыш Президенттің мұндай прагматикалық әдісі бұрынғы шектен тыс орталықтандырылған әкімшілік-командалық экономикадан заманауи нарық­тық жүйеге көшу жөніндегі тарихи мәні зор мәселені тиімді әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан посткеңестік кеңістікте табысты әрі ауқымды нарықтық реформаларды іске асыру жағынан көшбасшыға айналды.

Бұл шаралар кеңестік шаруашылықтың ыдырауынан кейінгі ауыр экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы және гиперинфляция жағдайында жүзеге асырылды. Бірақ Мемлекет басшысының дәйекті саясатының арқасында қиындықтарды ең­се­ріп қана қоймай, сондай-ақ ең бастысы – кәсіпкерлік пен бизнесті еркін дамыту үшін қажетті жағдай жасай білдік. Жаппай жеке­шелендірудің жүргізілуі, жекеменшік институтының енгізілуі кәсіпорындарды тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, Қазақ­­станда нарықтық экономиканың толық­қан­ды тетіктерін құруға мүмкіндік берді.

1993 жылы ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгізілуі еліміздің қаржылық егемендігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сол арқылы қаржы жүйесін тұрақтандыруға және тәуелсіз ақша-не­сие сая­сатын жүргізуге мүмкіндік алдық. Нәтижесінде Қазақстан тікелей шетел инвестициясын тарту жөнінен ТМД елдері арасында алға шықты. Бүгінде оның көлемі 320 миллиард доллардан асты. Бұл – қолайлы инвестициялық ахуалдың әрі шетелдік серіктестердің елімізге және көшбасшымызға деген сенімінің айқын дәлелі.

Қомақты инвестицияның келуі отын-энергетика кешенінің және тау-кен метал­лур­гия саласының қарқынды дамуын қам­тамасыз етті. Бұл салалар үшінші мың­жыл­дық қарсаңында ел экономикасын тұрақтан­ды­рып, оның әрі қарай өркендеуіне жол ашты. Осыған орай 2001 жылы Ұлттық қор­дың құрылуы маңызды қадам саналды. Қор ұлттық экономиканы сыртқы қатерлерден қорғаудың және болашақ ұрпақ үшін қаржы жинақтаудың тиімді институты бола білді.

Дағдарысқа қарсы батыл саясаттың және терең нарықтық трансформацияның арқа­сында Қазақстан 1997-1998 жылдардағы Азия қаржы дағдарысының және 2008-2009 жыл­дардағы әлемдік қаржылық-эконо­мика­лық дағдарыстың қиындықтарын жеңді.

Жаһандық нарықтардағы жағдайдың өзгеруі, озық елдердің төмен көмірсутекті экономикаға өтуі, цифрлы дәуірдің басталуы Қазақстан үшін ХХІ ғасырдағы жаңа сынақ кезеңдері болды. 

Осы жаңа технологиялық жағдайды ес­керіп, Елбасы Қазақстан өнер­кәсі­бін ауқымды түрде жаңғыртудың жолын белгі­леп берді. Басты мақсат – ши­кі­зат емес тауарлар өндіруге бағытталған бә­се­­­кеге қа­бі­летті әрі әртараптандырылған эко­но­­ми­ка құру. Осы жолда үдемелі индус­трия­­лық-ин­но­вациялық дамудың мемле­кет­­тік бағдарла­маларын жүзеге асыру және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ин­фра­құры­лымдық әлеуетімізді нығайту маңызды белес болды. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи ин­дуст­риялық саясатты іске асырудағы бас­ты талап­тарының бірі – қосымша құны жоға­ры өнім өндіру. Бүгінде бұл бағытта елеу­лі нәти­желерге қол жеткізілді. Соңғы жыл­дары 1250 жаңа өндіріс орны іске қосы­лып, өнім­нің жаңа 500 түрін шығара баста­дық. Қазақ­станның өнімі әлемнің 110 елі­нің на­ры­ғы­на экс­портталады. 2009 жылдан бе­рі қайта өң­деу секторындағы өндіріс көлемі 3 есе­ден асты. 

Қайта өңдеу секторының өнеркәсіптегі үлесі 36-дан 42 пайызға өсті, ал экспорттың жал­пы көлемінде қайта өңдеу өнеркәсібінің экс­порты 28-ден 32 пайызға артты. Машина жа­сау, соның ішінде автомобиль құрастыру қар­қынды дамып келе жатқан салалардың бірі­не айналды. Ел аумағында сатылған әрбір жаңа автокөліктің екіншісі Қазақстанда жасалған.

Тұңғыш Президент, сондай-ақ агроөнер­кәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және оны әлемдік деңгейге көтеру мәселе­леріне ерекше мән берді. Еңбек өнімді­лігін арт­тыруға және өңделген ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің экспортын ұлғайтуға ба­ғыт­талған реформалар аграрлық сектордың өр­кен­деуіне септігін тигізді. Еліміз бидай мен ұнды нарыққа шығаратын әлемдік экс­порт­таушылардың біріне айналды. Мал ша­руа­шы­лығымыз да біртіндеп дамып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің көлік әлеуетін дамытуға баса мән берді.

Тұңғыш Президентіміздің стратегиялық көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында Қазақстан құрлықішілік тұйықталуды еңсеріп, еуразиялық маңызы бар транзиттік хабқа айналды. Ұзындығы 2 787 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынды. Транс­каспий дәлізі қалыптасты. Оған Қытайдағы Ляньюнган шығыс порты, «Қорғас – Шы­ғыс қақпасы» құрғақ порты, Каспий теңі­зіндегі Қазақстан порттары – Құрық пен Ақ­тауға дейінгі темір жол және автомобиль жолдарының желісі кіреді. Заманауи логис­тикалық инфрақұрылым салынып, тұрақты контейнерлік қатынас орнады. Осылайша Қазақстан жүк тасымалдаудың әлемдік жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. 

Жалпы, елімізде осы жылдар ішінде 12,5 мың шақырымнан астам автокөлік жол­дары және 2,5 мың шақырымнан астам темір жол салынып, қайта жөндеуден өтті. Солардың ішінде «Орталық – Оңтүстік» (Астана – Қарағанды – Алматы), «Орталық – Шығыс» (Астана – Павлодар – Өскемен) және «Орталық – Батыс» (Астана – Ақтау) ма­гистральдарының құрылысы жүргізілуде. Еліміздің 16 әуежайындағы 12 жолаушылар терминалы және ұшып-қону жолақтары қайта жөндеуден өтті. 

Ел экономикасының негізі әрі көптеген қазақстандықтардың әл-ауқатының қайнар көзі – шағын және орта бизнес дамып келеді. Шағын және орта бизнеспен айналысып жүргендердің саны бүгінде 1,2 миллионнан асты. Бұл салада 3,2 миллион азамат жұмыспен қамтылған. 2018 жылы шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 10 пайыздан сәл ғана асқан еді. 

Қазақстан жаһандық сауда және өндіріс жүйесіне табысты кіріге білді. Сыртқы сауда айналымы 1995 жылдан бері тоғыз еседен асып, 9 миллиард доллардан 85 миллиард долларға дейін өсті. 

2015 жылы ұзаққа созылған келіссөздер­дің нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сау­да ұйымына мүше болды. Соның арқасында еліміз сыртқы нарықтарда тең құқықтарға ие болып, Дүниежүзілік сауда ұйымының сауда дауларын реттеу және шектеу шараларының алдын алу жөніндегі мүмкіндіктерін пай­далануға қол жеткізді. 

Елімізде орнықты орта тап қалыптасты. Жан басына шаққандағы жинақ 1997 жылдан бері 240 еседен асып, 1900 теңгеден 2018 жылы 460 000 теңгеге дейін артты. 

Соңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде табысы күнкөріс шегінен төмен тұрғындар саны 15 есе қысқарды, ал нақты еңбекақы көлемі 4 есе өсті. 

2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы экономиканы әртараптандыру және қаржы қызметтерінің инновациялық кластерін қалыптастыру ісіндегі жаңа қадам болды. Бұл институттың қызметі бағалы қағаздардың ұлттық нарығын қалыптастыруға, оның халықаралық қаржы нарықтарымен интеграциялануына, шетелден және ел ішінен инвестиция тартудың биржалық тетігін дамытуға бағытталған. 

Елімізде бизнес ортасын жақсарту және іскерлік белсенділікті дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дүниежүзілік банктің «Дуинг бизнес» рейтингінде Қазақстан тарихта бірінші рет 28-орынға тұрақтап, бизнес жүргізу үшін ең қолайлы отыз елдің қатарына қосылды. 

2012 жылы «Қазақстан-2030» жалпы­ұлт­тық стратегиясының барлық міндеттері мерз­імінен бұрын орындалды. Еліміз әлем­дегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатары­на және орташа даму деңгейіндегі мем­лекет­тер тобына қосылды. Қазіргі бағ­дары­­мыз – «Қазақстан-2050» стратегиясы. Со­ның нә­ти­жесінде біздің республика Эко­номи­ка­­лық ынт­ы­мақтастық және даму ұйы­мы­ның жоғары стандарттарына сай болып, әлем­­нің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылады. 

ІІІ. Эволюциялық саяси даму және қоғамдық тұрақтылық

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құру ісінде әуел бастан «алдымен – экономи­ка, содан кейін – саясат» қағидатын ұстанды. Ол сол жылдардағы саяси ахуалдың бар­лық қиындықтарын өз басынан өткеріп, жұрт­шылықтың күдігі мен үмітін терең сезі­не білді. Жауапкершілік деңгейі жоғары болған­дық­тан және әр нәрсеге прагматикалық тұр­­ғы­дан қарағандықтан Елбасы түрлі эксперименттер мен жөнсіз қадамдарға мүл­де барған жоқ. Сол себепті, Қазақстанда эволюциялық және кезең-кезеңмен даму қа­ғидаты басшылыққа алынды. 

Уақыт осындай ұстанымның тиімділігін дә­лелдеді. Біз мықты экономика құрып, бір­те-бірте күшті азаматтық қоғамы бар орнық­ты­ әрі теңгерімді саяси жүйеге қадам басып келеміз. 

Осы жылдар ішінде мемлекеттік-саяси құрылымның және қоғамдық қатынастар жүйесінің жалпы даму логикасы, ең алдымен, мемлекеттік басқарудың тиімді жұмыс істейтін демократиялық институттарын құруға бағытталды.

Атап айтқанда, 1995 жылғы Конс­титуцияға сәйкес біртұтас мемлекеттік би­лікті жүзеге асырудың орнықты тетігі жасалды. Оның негізін биліктің үш тармағы – атқарушы, заң шығарушы және сот билігі құрайды. Тепе-теңдік және тежемелік жүйесі (сенімсіздік білдіру вотумы, импичмент, вето құқығы және т.б.) арқылы би­ліктің тармақтарға бөліну қағидатына ке­пілдік берілді. Конституция президенттік басқару формасын жария етті. Президенттің ерекше мәртебеге ие болуы, биліктің бар­­лық тармақтарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етуі және мемлекеттік ор­ган­дардың жұмысы үшін халық алдында жа­уапты болуы осы басқару нысанының өзіне тән ерекшелігі саналады.

Жалпы, 1990 жылдың 24 сәуірінде құрыл­ған президенттік институт егемен елі­міз­дің бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің басты элементіне айналды. Мұндай жағдай 1995 жылғы 25 сәуірде Президенттің өкі­леттігін ұзарту жөніндегі республикалық ре­ферендум барысында түпкілікті түрде ре­сімделді. Оның қорытындылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен саясатына қоғамдық қолдау көрсетудің деңгейі жоғары екенін айқын көрсетті. Кейінгі жылдары мұндай қолдау арта түсті. Елімізде өткен барлық президенттік сайлаудың нәтижелері соған дәлел. 

Нағыз көшбасшының ұлылығы мен болмысы ұзақ мерзімді басымдықтарды белгілеп, мемлекеттің даму бағытын дер кезінде үйлестіре білуімен айқындалады. 

Саяси және экономикалық салада тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында жүргізілген түбегейлі құрылымдық реформалар мықты президенттік билікті қажет етті. Бірақ жаңа тарихи кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев Парламент пен Үкіметтің рөлін күшейтіп, билік өкілеттіктерін қайта бөлген дұрыс деп шешті. Сол себепті Тұңғыш Президент еліміздің саяси жүйесінің жаңа құрылымы мен тепе-теңдігін белгілеп, 2017 жылы конституциялық реформа жүргізуді ұсынды. 

Бұл қадам жаңа демократиялық стан­дарт­тарға және азаматтық қоғам инс­ти­тут­тарын дәйекті түрде дамытуға бағыт­талған еліміздің саяси жүйесінің эволю­ция­сындағы жаңа кезеңге жол ашты. Осы реформа арқылы Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау, егемендігімізді ны­ғайту, демократиялық қағидаттарды дамыту және мемлекеттің тиімділігін арттыру ісіндегі Парламент депутаттарының рөлін күшейтудің стратегиялық перспективаларын айқындады.

Осылайша Қазақстан парламентарийзмі Қазақ КСР-нің ескірген Жоғарғы Кеңесінен заманауи қос палаталы кәсіби Парламентке дейінгі күрделі эволюциялық жолдан өтті. Қоғамдық-саяси күштер кеңінен өкілеттік алып, ел өміріне елеулі ықпал ете бастады. 

Бүгінгі таңда республикамызда орнық­ты көппартиялы жүйе қалыптасты. Қазіргі уақытта 6 саяси партия ресми түрде жұмыс істеп келеді. Солардың үшеуі Парламент Мәжілісіне сайланды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1993 жылдың соңында елімізде екі-ақ саяси партия (Социалистік және Қазақ­станның Ұлттық Конгресі) ресми түрде тіркелген болатын. 

Президент басқарған «Nur Otan» партия­сы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды және жұртшылық үшін өзекті жобаларды дәйекті түрде іске асырып, Қазақстанның қо­ғамдық-саяси кеңістігінің мықты топтас­тырушы буынына және халықтың түрлі өкіл­дерінің мүддесін қорғайтын күшке айналды. 

Қоғамдық-саяси құрылымдардың қыз­метін реттейтін «Саяси партиялар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң­дар пікір алуандығын қамтамасыз етіп, аза­маттардың республикалық, өңірлік және жергілікті деңгейде шешім қабылдау ісіне атсалысуы үшін барлық мүмкіндіктерді берді. Бұл жағдай еліміздің қарқынды қоғамдық-саяси өмірінде айқын көрініс тапты. Мәселен, Әділет министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қазір елімізде респуб­лика­лық және өңірлік деңгейде 23 мыңға жуық қоғамдық бірлестік тіркелген.

Тәуелсіздік алған соң төртінші билік қарқынды дами түсті. Елімізде түрлі мем­лекеттік емес коммерциялық, қоғамдық радиостансалар, телеарналар мен мерзімді басылымдар ашылып, табысты жұмыс істеп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі қамтамасыз етілді. БАҚ еркіндігіне заң жүзінде кепілдік берілді.

Нәтижесінде отандық журналистика халықты ел ішіндегі және әлемдегі жағдай туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін тиімді қоғамдық бақылау институтына айналды. Қазіргі таңда Қазақстанда түрлі меншік нысанын­дағы 3 393 бұқаралық ақпарат құралдары тіркел­ген. Солардың ішінде 2 829 мерзімді басылым, 133 телеарна, 70 радио және 361 ақпарат агенттігі мен желілік ақпарат көздері бар. 

Сонымен қатар Елбасы мем­лекет­­тік қыз­меттің жаңа меритократия­лық жү­йе­с­інің қалыптасуына зор мән берді. Оның басты қағидаттары – демокра­тия­лы­лық, жал­пыға қолжетімділік, қызметтің ашық­­тығы, қоғам­дық пікірдің ескерілуі және жұрт­­шы­лық­пен ұдайы диалог жүргізу, мем­­леке­ттік қыз­мет­шілердің кәсібилігі мен құзыреттілігі. 

Өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағы ыдыраған сәтте ғалымдар мен саясат­керлердің көпшілігі этностық және конфес­сияаралық қарама-қайшылықтардың салдарынан Қазақстан құрдымға кетеді деп болжады. Американың атақты саясаттанушысы Збигнев Бжезинский Югославияның көпке белгілі баянсыз тәжірибесіне сүйене отырып, біздің өңірді, тіпті «Еуразиялық Балқан» деп атады. Оқиғаның осылай өрбу қаупінің жоғары болғанын атап өткен жөн. Дегенмен Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейбіт өмірдің, этносаралық және конфессияара­лық қатынастардың нәзіктігі жоғары екенін түсініп, стратегиялық маңызы зор осы са­ладағы барлық жағымсыз үрдістердің алдын алып, оларды тиімді түрде бейтараптандыру үшін бірқатар жүйелі шаралар ұсынды.   

Атап айтқанда, мемлекет діни наным-сенім бостандығына кепілдік беріп, елі­міздегі дәстүрлі діни бірлестіктердің еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етті.

Зайырлы мемлекеттің конституциялық қағидатын жүзеге асыру үшін жағдай жасалды. Соған сәйкес ешбір дін мемлекеттік және жалпыға міндетті дін ретінде белгіленбейді. Мұндай қадам ислам, христиан, иудаизм және басқа да конфессия өкілдерінің үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз етті.  Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамалары Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында институцияланып, белсенді ілгерілеп келеді. 

Этносаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 1995 жылы еліміздегі 130-ға жуық этностың басын қосқан бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 

Жалпы, бүгінде Тұңғыш Президенттің үштұғырлы тіл және барлық этностар мен конфессия өкілдерінің теңдігі саясатының негізінде қоғамды демократияландыру, Қа­зақстан парламентарийзмі мен азаматтық қоғам институттарын дамыту, сондай-ақ елімізде жалпыұлттық бірлік пен келісімді қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарғанын нық сеніммен айтуға болады. 

ІV. Әлеуметтік бағыттағы мемлекет құру

Әлеуметтік бағыттағы мемлекет – тәуел­сіз Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген басты жетістіктерінің бірі. Биліктің болмысын заманауи тұрғыда түсінудің өзі оның қоғам мен адамдарға бағытталғанын білдіреді. Тұңғыш Президентіміз адамның, оның білімі мен қабілеті еліміздің басты капиталы әрі құндылығы екенін үнемі айтып келеді. Қабылданған барлық бағдарламалар мен құжаттар, шын мәнінде, үйлесімді түрде дамыған тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Тек әлеуметтік бағыттағы мемлекет жоғары тұрмыс сапасын және адами капиталдың толықтай жүзеге асуын қамтамасыз ете алады. Сонымен бірге нарық жағдайында қоғамдағы масылдық пен патернализм белгілерінен арылып, әлеуметтік басымдықтарды белгілеу ісінде ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет.

Еліміздің әлеуметтік саясаты осы қағи­даттарды басшылыққа алу арқылы қалып­тасты. Оның негізгі басымдықтары – сапалы медицина және білім беру саласы, өнімді жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларын­да жүргізілген реформалар осыған қол жет­кізуге мүмкіндік берді.

2000-жылдардың басында денсаулық сақтау саласы реформаланды. Бұл меди­цина­дағы басқарудың жаңа үлгісін қалып­тас­тыруға жол ашып, мемлекеттік емес сек­тор­дың дамуын қамтамасыз етті, сондай-ақ озық емдеу орталықтарын салуға мүмкіндік берді.

Осы саланы одан әрі жетілдіру мақсаты­мен бірқатар бағдарламалық құжаттар мен заңдар қабылданды, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды.

Денсаулық сақтау саласы тұтастай жаң­ғырып, инфрақұрылымы жаңартылды, ме­ди­циналық қызмет көрсету мен басқару­­дың әлемдік стандарттары енгізілді, заманауи меди­цина мамандары даярланды.

Денсаулық сақтау ісіне бөлінген қаражат мөлшері 1991 жылы 6 миллион теңгені құра­са, 2017 жылы 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл жылдары Қазақстанда 219 аурухана, 1200-ге жуық емхана, амбулаториялар мен медицина орталықтары салынды.

Жаңа медициналық сервистік қызметтер, соның ішінде скрининг бағдарламасы, кар­диологиялық қызмет көрсету жүйесі пайда болды. Еліміздің бүкіл өңірінде өз мамандарымыз зерттеулер жүргізіп, жоғары технологиялы отаның барлық түрін жасап келеді. Қазақстан озық медициналық кластер қалыптастырып, халықаралық медициналық туризмнің орталығына айналды.

Ең бастысы, тұрғындар денсаулығының көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Мәселен, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жас болса, 2018 жылы 72,5 жасқа жетті. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты­ның жетістігі демографиялық көрсеткіштің артуынан байқалады. Жыл сайын елімізде шамамен 400 мың бала өмірге келеді. Ана өлімінің деңгейі 5 есе, сәбилердің шетінеуі 3 есе азайды.

Тұңғыш Президентіміз бұл саланы үнемі назарда ұстағандықтан бүгінде елімізде ден­саулық сақтаудың тиімді әрі сапалы жүйесі қалыптасты.

Медицинамен қатар білім беру саласы мем­лекеттің әлеуметтік саясатының маңыз­ды құрамдас бөлігі саналады. Шығыста «Білім – ең қымбат қазына. Өйткені оны ұр­лап кету, жоғалтып алу, жойып жіберу мүм­кін емес» деген қанатты сөз бар. Қа­зір­­гі таңда оның құндылығы еселеніп артып отыр. Білім деңгейі барша елдер мен кон­ти­нент­тердің нақты даму индикаторы саналып, олар­дың ілгерілеуі мен жаһандық бәсекеге қабі­лет­ті­лігінің перспективасын айқындайды.

Қазақстанда білім беру саласындағы рефор­­малар оқытудың әлемдік стандарт­тарын енгізуге, мемлекеттік емес білім беру сек­торын қалыптастыруға, қажетті ма­ман­дарды мақсатты түрде даярлауға, ақ­­па­рат­тық технологиялар мен электронды оқыту үде­рісінің элементтерін енгізуге бағыт­тал­ған. Бірыңғай ұлттық тестілеудің енгізілуі бар­лық мектеп түлектері үшін жоғары оқу орын­дарына түсу кезінде тең мүмкіндікке ие болуына және оның ашық болуына жағдай туғызды. Қазақстан 2010 жылы білім саласында Болонья декларация­сына қосылды. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарында халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған үш сатылы «бакалавриат – магистратура – докторантура» моделі енгізілді. 

Білім саласының инфрақұрылымдық базасы түбегейлі жақсарды. Тәуелсіздік жылдары білім саласында 2837 нысан бой көтерді, соның ішінде 888 балабақша және 1949 мектеп салынды.

Елбасы егемендіктің алғашқы жыл­дарында-ақ еліміздің мамандарын білім берудің халықаралық стандарттары бойынша даярлаудың маңыздылығына баса мән берді. «Болашақ» бағдарламасы маңызды жетістіктердің біріне айналды. Соның аясында 1993 жылдан бері 13 мыңнан астам қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды.

Назарбаев Университетті және Зияткер­лік мектептердің желісін құру бәсекеге қабі­летті заманауи білім беру жүйесін қалыптас­ты­рып, «білім экономикасы» үшін мамандар даяр­лау ісіндегі тағы бір қадам болды. Соны­мен бірге техника саласы бойынша кадр­лар даярлау жүйесін жетілдіру шаралары қабылданды.

Бұл жұмыстардың бәрі елімізді дамыту­дың стратегиялық міндеттерін шешуге ар­нал­ған маңызды зияткерлік ресурсты қалып­тас­тырды. Тәуелсіздік жылдары жо­ғары білім­ді 2,8 миллион маман әзірленді. 1991 жылы жалпы 40 мыңнан астам адам жоға­ры білім алса, 2018 жылы олардың саны 150 мыңнан асты.

1997 жылғы зейнетақы реформасы әлеуметтік қамсыздандыру саласының заманауи жүйесін құру ісіндегі маңызды шешім болды. Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып зейнетақының бөліп-тарату жүйесінен жинақтаушы жүйесіне көшті.

Әлеуметтік қамсыздандырудың үш дең­гейлі жүйесін енгізу атаулы әлеумет­тік саясатты күшейтуге септігін тигізді. Эко­номи­каның одан әрі дамуы бюджет сала­сындағы жұ­мысшылардың жалақысын көбейтуге, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, он жыл ішінде, яғни 2005 жылдан 2015 жылға дейін, әлеуметтік салаға жұмсалған қаржы үш есе өсті. 1,5 миллионнан астам азаматымыз тұрақты түрде жәрдемақы мен төлемдер алды. Қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, табысын арттыруға бағытталған шаралардың жаңа кешенін жүзеге асыру үшін қосымша 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.

Демек Қазақстан осы жылдар ішінде әлеуметтік саясатын бірте-бірте күшейтіп, бұл салаға тартылған инвестиция көлемін арттыра түсті. 2006 – 2016 жылдар аралы­ғында жүргізілген ауқымды баспана салу жұмыстарының нәтижесінде еліміздің тұр­ғын үй қоры 86,5 миллион шаршы метрге артты. 628 мыңнан астам отбасы немесе шамамен 1,8 миллион адам жаңа пәтерге қоныстанды. Бір адамға шаққандағы тұрғын жаймен қамту көлемі 1,5 есе көбейіп, 14,4 шаршы метрден 21,8 шаршы метрге жетті.

Егер 1991 жылы еліміздегі әрбір алтыншы отбасының ғана автокөлік алуға жағдайы болса, 2017 жылы әрбір екінші шаңырақ жеке көлік алуға қол жеткізді.

БҰҰ-ның бағалауы бойынша, бүгінде Қазақстан адами әлеуеті жоғары елдер тобына кіреді. Бұл Тұңғыш Президентіміз жүргізген әлеуметтік саясаттың табысты болғанын айғақтайды.

V. Белсенді және бейбіт сыртқы саясат

Егемендікке қол жеткізген Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субъек­тісіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүддемізді ескере отырып, көпвекторлы және бейбіт сыртқы саясат жүргізу жөніндегі бағытымызды нақты белгілеп берді. Оның негізі еліміздегі алғашқы құжаттардың бірі – 1992 жылы қабылданған «Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасу және даму стратегиясында» қаланды.

Халықаралық қатынастарымызды жа­ңадан бастадық. Көп нәрсе Нұрсұлтан Назар­баевтың өзге мемлекеттердің, шетел­дік ірі компаниялар мен ұйымдардың бас­шы­­ларымен тікелей кездесулеріне және олар­мен өткізген келіссөздеріне байланыс­ты болды. Тек 1992 жылдың өзінде Тұңғыш Президент жұмыс сапарымен Швейцарияға, Үндістанға, Аустрияға, Пәкістанға, АҚШ-қа, Финляндияға, Түркияға, Германияға, Францияға барды. Мұндай жұмыс қарқыны кейінгі жылдарда да жалғасын тапты.

Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім Елбасының батыл қадамдарының бірі болды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи құжатқа – «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Осы маңызды шешім арқылы Тұңғыш Президентіміз жас мемлекеттің ұста­ны­мы бейбітшілік екенін бүкіл халықаралық қоғам­дастыққа жария етті. Бұл қадам Қазақ­стан Республикасының белсенді жаһан­дық антиядролық қызметінің бастауы болды. Кейіннен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.

КСРО-ның көптеген ядролық арсеналынан бас тартуы тағы бір маңызы зор ше­шімдердің бірі болды. Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жоятын қарудың айтарлықтай мол қорына үміт артпай, ашықтыққа, бей­біт­сүйгіштікке, ақылға жүгініп, моральдық беделге сенім артты. Уақыт бұл ұстанымның тарихи тұрғыдан орынды болғанын дәлелдеді. Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналды.

2016 жылғы 31 наурызда Вашингтонда өт­кен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV сам­­­­митте Қазақстан Республикасы Прези­денті­­­нің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жа­рия­­­лан­ды. Онда ұлттардың соғыстар мен қақ­­­ты­ғы­с­тар­ды болдырмау жөніндегі келі­сілген іс-қи­мыл­дары айқындалды. Манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Ке­ңе­сі­нің рес­ми құжаты мәртебесіне ие болды.

Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы қауіпсіздік жүйесін құру үшін бірінші болып қадам жасады. 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында, яғни БҰҰ мінберінен алғаш рет сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Азияның ауқымды кеңіс­тігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым құруды ұсынды. Президенттің осы идея­­сы халықаралық қоғамдастық тарапынан кең қолдау тауып, кейіннен Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесі құрылды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті көп­теген халықаралық интеграциялық бас­тамалардың авторы саналады. Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді атсалысуының арқа­сында жаппай дүрбелеңнің және Кеңес Ода­ғы­ның басқарусыз ыдырауының алдын алған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құ­рылд­ы. Ол содан кейінгі жылдары бірнеше рет ТМД-ны Еуропа Одағының үлгісімен тиімді құрылымға айналдыруға бағытталған бастамалар көтерді. Сондай-ақ Елбасы ұсынған Еуразиялық экономикалық одақ құру жобасын айрықша атап өткен жөн. Өңірлік ықпалдастықты нығайту үшін 2018 жылғы наурызда Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы кон­сультативтік жұмыс кездесуі өтті.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы саммитінің 2010 жылы Астанада өтуі халықаралық деңгейдегі маңызд­ы оқиға әрі Қазақстанның сыртқы сая­сатындағы айтулы жетістік болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – Қазақстан үшін тарихи оқиға. Бұл еліміздің ірі халықаралық табысы саналды.

2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен дауыс беру рәсімі кезінде Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы жаһандық бейбітшілік пен қауіп­сіздіктің маңызды проблемаларын шешу ісіндегі Қазақстан мен Елбасының белсенді рөлі халық­аралық қоғам­дас­тық тарапынан кеңінен мойын­далғанын көр­сетті. 2018 жылғы қаңтарда Қазақстан деле­гац­иясы өз тарихында алғаш рет басты орган – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмы­сына жетекшілік етті. 2018 жылғы 18 қаң­тарда Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лы­ғымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейде өткен тақырыптық бри­финг Қазақстанның негізгі іс-шарасы болды.

Сондай-ақ маңызы зор шаралардың қатарында еліміздің Сириядағы дағдарысты және басқа да жаһандық деңгейдегі қақты­ғыстарды, соның ішінде жуырда болған Түркия мен Ресей арасындағы шиеленісті реттеуге атсалысқанын айтқан жөн. 

1991-2018 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелге барған 283 сапарын қоса алғанда халықаралық деңгейде 611 іс-шара, 233 мемлекетаралық саммит және 95 халықаралық форум өтті.

Жалпы, Елбасы екіжақты қатынастар аясында шетелдерге 283 рет сапар жасады, оның 32-сі – мемлекеттік, 164-і – ресми, 87-сі – жұмыс сапарлары. 

Тұңғыш Президентіміз екіжақты қарым-қатынастар аясында әлемнің 70 еліне сапармен барды.

Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан 233 мем­лекетаралық саммиттің 26-сы Қазақ­­стан­да, 207-сі өзге елдерде өтті. 95 халық­­ара­­лық форум­ның 22-сі елімізде, 73-і өзге мем­лекет­тердің аумағында ұйымдастырылды.

Қазақстан БҰҰ-ға мүше болған сәттен бастап Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының негізгі мінберінен 8 рет сөз сөйледі. 

Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміз елі­мізде 255 мемлекеттің басшыларымен кез­десіп, шетелдердің 127 үкімет басшыларын қабылдады.

Жалпы, Қазақстан тарапынан осы жыл­дар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен еліміздің халықаралық аренада лайықты орын алуына мүмкіндік берген белсенді сыртқы саяси және бітімгершілік қызмет атқарылды. 

VI. Болашақтың жаңа бейнесі

Елді дамыту ісіндегі стратегиялық жос­парлау – мемлекеттік басқару мен тиімді саяси көшбасшылықтың маңызды функция­сы. Мақсаттарды айқындау, міндеттерді белгілеу, оларға қол жеткізудің тетіктері мен алгоритмін әзірлеу әрдайым мемлекет пен оның көшбасшысының айрықша құзы­реті саналады. Елбасы мұның өзара тығыз байланысты дүние екенін жақсы біледі. 

«Болашақ бүгіннен басталады» деген ұлағат – Нұрсұлтан Назарбаевтың сая­си философиясының негізін құрайтын тұжырымдарының бірі. Тұңғыш Прези­дент жауапты саяси қайраткер және Елбасы ретін­де әрдайым уақыттан озық жүретін және келешектің көкжиегін кеңей­тетін шешім­дер қабылдап, идеялар ұсы­нып отырды. Елбасы көтерген бастамалар еліміздің XXI ғасырдағы дамуы мен жасампаздығына бағытталған өркендеудің стратегиялық бағытын айқындады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз зияткерлік қызметінің нәтижесінде онда­ған кітаптар мен доктриналар, тұжырым­дамалық және бағдарламалық мақалалар жарық­қа шықты. Ол еліміз бен жалпы адам­заттың келешектегі келбетін қалып­тастыратын серпінді жобалар мен бағдар­ламаларға бастамашы болды.

Бұл ретте, Елбасы дәйекті түрде ұсын­ған стратегиялық құжаттардың бәрі басқару­шы­лардың жаңа буыны үшін бағыт-бағдар береді.

Бұл құжаттар мемлекетіміздің ұзақ мер­зімді мақсаттарының берік негізін айқындап, еліміздің XXI ғасырдағы дамуының барлық басты бағыттарына қатысты Тұңғыш Прези­денттің жаһандық көзқарасын танытады. 

Заманауи цифрлы өркениет жағ­дайын­да халықаралық ЭКСПО-2017 маман­­дан­дырылған көрмесінің өткізілуі әлем­­дегі жаңа технологиялық трендтерді үйлесім­ді игеруге және оған қатысуға мүмкіндік бер­ген Қазақстанның бастамасы еді. Оған 4 мил­лионға жуық адам, соның ішінде әлем­нің 187 елінен 600 мыңнан астам турист келді. ЭКСПО-2017 елімізді және Қазақ­стан ұлттық брендін жаһандық кеңіс­тікте инновациялық тұрғыдан ілгері­летудің жаңа белесі болды.

Жаһандану үдерісінің қарқынды жүруі және мемлекеттік шекаралардың жойылуы ұлттық біртектіліктің күшейе түсуін талап етеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­­дар­ламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қамтылған идея­лар­дың негізінде ұлттың рухани-мәдени ко­дын дәйе­кті түрде зерттеу және дамыту хал­қы­мыз­дың жасампаздық әлеуетін ай­тарлықтай арт­тыруға жол ашады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру ұлттың жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін күшейту ісіне зор үлес қосады. Сондай-ақ бұл шара Қазақстанның әлемдік ақпараттық-мә­дени және ғылыми кеңістікке енуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Жастар – келешектің басты активі. Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым көпқырлы әрі жүйелі түрде жоспарланған жастар сая­сатын жүргізді. Бұл стратегиялық тә­сіл елі­мізді әлемнің озық дамыған 30 мем­лек­етінің қатарына қоса алатын, білімі терең жас патриоттардың мықты шоғырын қалып­тас­тыруға мүмкіндік берді.

*   *   *

Кез келген істі бастау оңай емес. Себебі көш бастаушылар негізінен тәуекелге барып, тұманнан жол табады. Адамзат тарихында азаттық пен тәуелсіздіктің шынайы дәмін татпаған, дағдарыстар мен дүр­бе­лең­дердің шырмауынан шыға алмаған елдер көптеп кездеседі.

Тұңғыш Президенттің саяси даналығы­ның, сарқылмас күш-қуатының, қайтпас ерік-жігері мен көрегенділік қабілетінің ар­қасында бағыт-бағдарымызды айқындап, еге­мендіктің даму жолымен нық жүріп келеміз.

Ғаламдық ауқымда ойлайтын, нақты іс­термен айналысатын, прагматик, жаңашыл­дыққа әрқашан ашық, нағыз патриот, ын­ты­мақтастыққа ұмтылатын басшы кез келген халықтың пешенесіне жазыла бермейді. 

Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманынан оза туған, ойлары әрдайым батылдығымен және жаңашылдығымен ерекшеленіп, таңғалдыратын жаһандық деңгейдегі аса көрнекті мемлекет қайраткері.

Ол – мемлекеттік институттары берік, эко­номикалық іргетасы мықты және бел­сенді әрі өміршең қоғамы бар заманауи Қа­зақстанның негізін қалаушы әрі жасампаз тұлғасы. Еліміздің төрткүл дүниеге танылуы Нұр­сұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей бай­ланысты. Бұл – Тұңғыш Президенттің сіңір­ген зор еңбегінің жемісі. Оның алып тұлға­сына уақыт пен өмірдің өзі жоғары баға берді.

Біз Назарбаевтың дәуірімен мақтана аламыз. Бұл кезеңде ең бастысы – мем­лекет­тілік­ті, тіліміз бен төл мәдениетімізді қайта жаң­­ғыр­туға мүмкіндік алдық. Сондай-ақ ер­кін ой­лауға және жаңаруға, үнемі даму мен жетілу үшін шабыт алуға, жаңа әрі одан да биік шыңдарды бағындыруға жол ашылды.

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы

"Егемен Қазақстан" газеті