20 жел, 2020 сағат 10:15

Махаббат Бекбосынова: Препараттарды алғанда жауапкершілік болуы керек

2020 жыл барша әлем елдері үшін оңай болмады. Коронавирус барлық салаға теріс ықпалын тигізгені анық. Бұл тұрғыда індетпен күресте медицина саласы қызметкерлерінің еңбегі зор. Осы орайда жыл басынан бері аурудың таралуына жол бермес үшін белгілі дәрігер, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова өзінің ұсыныстарын айтты.

Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы дәрілік препараттарды тек дәрігерлер тағайындауы керек. 

Індет таралған кезде клиникалық хаттамаларға антикоагулянттар енгізілгенін, алайда ел халқы осы препараттарды дәріханалардан жаппай сатып алуға талпынғаны белгілі. 

«Дәрігерлер эфирде қандай да бір препараттардың атауын жариялағанға қарсымын. Себебі мұны халық дұрыс қабылдамайтын жағдайлар кездеседі. Біздің сұхбаттарымызды тыңдап алып, адамдар дәріханаға барып, препараттарды сатып алады. Жалпы, дәрілік препараттар тек рецепт бойынша сатылуы керек. Әрине, маусым-шілде айларында объективті жағдай болды, сол кезде адамдар жақындарының денсаулығы үшін жан-жақтан дәрі іздеді. Жаз кезінде препараттардың тапшылығы сезілген еді. Дегенмен, кез келген дәрілік препараттар тек дәрігердің рұқсатымен берілгені дұрыс», - деді М. Бекбосынова. 

Оның сөзіне қарағанда, коронавирустан емдеу кезінде қанды сұйылтатын препараттардың түрлі санаттары бар. 

«Науқас аспириннің үстіне антикоагулянттарды қабылдаған және бұл жағдайда адамдар медициналық нұсқауларды ескермеген. Осы орайда бізге қан тоқтамаудың түрлі жағдайымен пациенттер келіп жатты. Адамдар медициналық мекемеге жүгінген кезде, осының салдарын түзеуге болатынын айтқым келеді. Егер бұл препараттарды ешбір қадағалаусыз қабылдай берсе, онда өлім жағдайына да алып келуі мүмкін», - деді дәрігер.

Міндетті түрде емханада тіркелу керек

«Әлемде індеттің жаңа толқыны жүріп жатыр. Қан айналымы ауруларына тоқталсақ, яғни созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруы барлар жауапкершілік танытуы керек. Осы орайда ковид-пневмония кезінде тәуекел тобында еніп тұр. Күретамыр, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек аруларымен қатар жүретін қант диабеті науқастары міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша емханаларда тіркеуге тұруы керек. Олар дәрілік препараттарды қабылдауы қажет», - деді дәрігер. 

Махаббат Бекбосынова, күретамыр қысымын, қант деңгейін бақылауда ұстау өте маңызды екенін атап өтті. 

Сәйкесінше, барлық дәрілік препараттарды дәрігердің нұсқауымен қабылдау керек. 

«Жүрек ауруы барлар тіркеуде болмаса, міндетті түрде емханаға баруы керек. Себебі бұл адамдарға вирустық инфекциялар ауыр тиеді», - деді дәрігер.

Инфекцияның таралу ошақтары

«Жаз айларында ковид орталығы ретінде жұмыс істеген кезімізде, короновирустың ауыр формасына шалдыққан науқастарды қабылдадық. Ем-дом алған науқастардың 90 пайызы инфекцияны түрлі іс-шараларда, яғни үйлену тойында, туған күн, құдалық секілді дәстүрлі жиындарда жұқтырған. Бұл - өз кезегінде үлкен проблема. Сондықтан адамдар көп жиналатын жерге бармауға кеңес беремін. Негізгі талаптарды ұстанып жүрген, індет жұқтырмаған жақсы таныс адамдармен кездесуге болатын шығар, алайда отбасылық және басқа да үлкен жиындарға, сауда орталықтарына барған әлі де қауіпті», - деді М. Бекбосынова. 

Оның айтуынша, статистика бойынша инфекция көбіне қоғамдық көлікте, сауда орталықтарында, көпқабатты үйлердің лифтісінде тарайды. 

«Сақтық іс-шараларына мән беріп, маска тағып, арақашықты сақтау керек. Ауырғанда көшеге шығудың қажеті жоқ. Осы жайында дәрігерге хабарлаған жөн. Тұрғылықты жердегі емханамен байланыста болу қажет. Індет жайында ертерек хабарланса, ем-дом нәтижелі болады. Ең бастысы, жаз айларындағы ахуал қайталанбауы тиіс. Ол кезде індеттің таралу ошағы кеңейген еді. Бұл өз кезегінде медицина қызметкерлері үшін үлкен сынақ болды», - деді Махаббат Бекбосынова.

Коронавирустан кейінгі синдром

«Бізде коронавирустан кейінгі синдром жобасы ашылды. Денсаулық сақтау министрлігімен алдын ала жоспарды пысықтадық. Онда науқастарды қарау, түрлі анализдер, мамандардың консультациялары қамтылды. Жаз айларында сауықтыру іс-шаралары ескерілген болатын, яғни адамдарды оңалту керектігі маңызды болды. Осының барлығы емханаларға тапсырылды. Қазіргі кезде коронавирустан кейінгі синдром нозология ретінде енуі үшін тиісті жобаны пысықтап жатырмыз. Бұл тұрғыда осы нозологиямен адамдар мемлекеттік бюджет есебінен тексеруден өтуі керек. Себебі медициналық тексеруден өту кейде қымбатқа түсетіні анық. Министрлік КВИ-дан кейін адамдар үлкен пробламаға тап болатынын түсініп отыр. Бұл проблемалар барша әлемде талқыланып жатыр», - деді Махаббат Бекбосынова. 

Осы орайда ол ем-дом, сауықтыру шешімдері уақытылы жасалмаса, онда кейбір науқастар мүгедек болып қалуы мүмкін екенін жеткізді. 

«Қазір тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, өңірлер үшін әдістемелік нұсқауларды даярлаймыз. Мұндай ковидтен кейінгі орталықтар әр өңірде ашылуы мүмкін. Бұл орталыққа коронавирустан жазылғанымен, проблемаға тап болған әр адам барып, зерттеуден өте алады. Осы орайда ем-дом жүргізуге қатысты кеңес беріліп, оңалту курстарымен қамтылады», - деді дәрігер.

ҚазАқпарат