22 ақп, 2021 сағат 13:25

Мәдениет және спорт вице-министрі Мұсайбековтің ұсталғаны хабарланды

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков ұсталды, - деп хабарлады дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігі. 

"Мұсайбековті "антикор" (жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі ред.) қызметкерлері ұстады. Ол қазір Алматыда тергеу амалдарына қатысып жатыр" деді дереккөзі агенттікке. 

Жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді. Бұған дейін Телеграмдағы Yedilov арнасы да дереккөзге сүйене отырып, Мусайбековтің "жемқорлық күдігіне" ілінгенін жазған. 

Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Мұсайбеков спорт саласына жауапты болған.

53 жастағы Сәкен Мұсайбеков 2020 жылдың мамыр айында мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалған. Оған дейін 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы болған. Ол бұған дейін де – 2015 жылдың ақпан айы мен 2019 жылдың қаңтар айлары аралығында мәдениет және спорт вице-министрі болған. Премьер-министр сайтындағы ақпаратқа сәйкес, "өтініш бойынша" қызметінен босаған.