«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің қасиетті нысандары мен тарихи жәдігерлері 3D форматындағы виртуалды картаға енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Exponential Kazakhstan» ЖШС компаниясымен келісімшартқа отырып, Қазақстанның сакральды объектілері мен музей қорындағы экспонаттарды 3D сканерлеу жұмыстарын белсенді жүргізуде.
«ҚР Ұлттық музейі мәдени мұра экспонаттарын сақтау үшін оларды цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын қолға алды. Осы ретте, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша бірқатар іс-шаралар орындалды. Жалпы алғанда музей саласын цифрландыру Қазақстанның салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихи-мәдени және ұлттық құндылықтарын әлемге танытуға ықпал ететін болады. Мақсат та осыған негізделген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі таңда Ұлттық музейдегі Күлтегін ескерткішінің 3D форматын дайындау мақсатында қажетті жұмыстар жасалды. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін еліміздегі барлық музейлер цифрлық форматқа көшетін болады.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрлық платформа құрылды. Онда музей қонақтарына қазақ елінің құнды мұраларын ақпараттық технологиялар арқылы таныстырады. Мультимедиялық зал арқылы қонақтар тарихи-мәдени мұралардың бәрін 3D понорамалар арқылы көре алады. Аталған жоба виртуалды экскурсия жасауға, 3D сфералық понорама қарауға, интерактивті кітаптар оқуға мүмкіндік беріп, цифрландырудың игілін көруге жағдай жасайды. Сонымен қатар қала қонақтары мен тұрғындарының, туристер қауымының қазақ тарихынан хабардар болуына өз септігін тигізеді. Мультимедиялық зал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.