08 мау, 2020 сағат 02:15

Lufthansa Германияның барлық туристінің отанына оралуына кепілдік береді

Германияның ірі Lufthansa авиакомпаниясы шетелге баратын барлық неміс туристерінің отанына оралуына кепілдік беруге дайын. Бұл туралы авиакомпания басшысы Карстен Шпор жексенбі күні Frankfurter Allgemeine Zeitung газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Кім үйіне қайтқысы келсе, оны біз қайтарамыз», - деп уәде берді ол.

«Температурасының көтерілуіне байланысты адам қабылдаушы елге кіре алмаған және сол елде карантинге тап болған жағдайда немесе вирус салдарынан ауру туындаған жағдайда болсын –бәрінде де кері ұшуға кепілдік берілетін болады», - деп түсіндірді Шпор.

Lufthansa концерні коронавирус пандемиясы салдарынан жолаушылар ағынының қысқаруына байланысты орасан зор шығынға ұшырауда, бұл компания акциялары бағамының төмендеуіне әкеліп соқтырды. Компанияның деректері бойынша сағатына ол шамамен €1 млн жоғалтуда. Осы айда авиатасымалдаушы ұшу санын барынша арттыруға ниеттеніп отыр. 

25 мамырда Германия үкіметі Lufthansa компаниясымен €9 млрд мөлшерінде көмек пакетін ұсыну шарттарын келісті. Дегенмен осы мәмілені мақұлдауы тиіс Еурокомиссия мынандай шарт қойды: Германияның Майндағы Франкфурт және Мюнхен секілді ірі әуежайларында авиакомпания ұшақтарынан ұшу және қону кезінде басым құқықтар алынсын. 

Lufthansa акционерлері 25 маусымда өтетін кезектен тыс отырыста көмек пакетін талқылайтын болады.