Лондонның оңтүстігінде көшеде кетіп бара жатқан адамдарға пышақпен шабуылдаған ер адамды полиция қызметкерлері атып тастады, деп хабарлайды bbc.com сайты.
Сайтта жарияланған мәліметтерге қарағанда, шабуылдаушының қолынан екі адам зардеп шеккен, алайда қазір олардың денсаулық жағдайы туралы мәлімет жоқ.
Лондон полициясы бұл оқиғаны теракт деп бағалап отыр.
«Стрэтем ауданында ер адамды қарулы полиция қызметкерлері атып тастады. Біз осы уақытта бірнеше адам пышақтан жарақат алды деген байлам жасап отырмыз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға террористік акт деп бағаланды», - делінген полицияның Twitter-дегі мәлімдемесінде.
Куәгерлер әлеуметтік желіде үш рет оқ атылғанын жазған. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға болған маңайда тұратын Би-би-си тілшісі Стефан Пауэлл онда полиция қызметкерлерінің жүргенін, жергілікті тұрғындарға үйлерінен шықпау ескертілгенін айтқан. Сондай-ақ дүкендер мен дәмханаларға келген адамдарды да шығармай жатыр.