16 мау, 2020 сағат 12:10

Лондонда ақ нәсілдіні арашалаған афроамерикалықтың әрекеті жұртты сүйсінтті

Лондонда афроамерикалық азамат ақ нәсілді жігітті ызалы демонстранттар тобынан алып шықты. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" CNN-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Патрик Хатчинсонның жанқиярлық әрекеті түсіп қалған сурет бүкіл әлемге тарады. Жексенбі күні Хатчинсон CNN-ге бұл оның қатысқан алғашқы Black Lives Matter наразылық шарасы екенін айтқан. 

Еске салайық, Лондондағы және бүкіл әлемдегі наразылық білдірушілер полиция қызметкерлерінің қолынан қаза тапқан афроамерикалықтардың өлімінен кейін полиция жұмысын реформалауды талап етіп, көшеге шықты. Қайтыс болғандардың қатарында Миннеаполисте көз жұмған Джордж Флойд пен Атлантадағы Рейшард Брукс бар. Хатчинсон CNN-ге берген сұхбатында сенбіде митингіге келген кезде, наразы топтың соққыларынан өзін қорғауға тырысып, баспалдақта жатқан ақ нәсілді жігітті көргенін айтты. 

Хатчинсон сол сәтте бұл адам қарсы топтың өкілі екеніне де қарамағанын айтуда. Хатчинсон мен оның достары жаралы азаматты қоршап алып, содан кейін Патрик оны полиция учаскесіне жеткізу үшін иығына көтеріп алған. Хатчинсонның айтуынша, соған қарамастан наразы топ ақ нәсілді адамға соққы жасауды тоқтатпаған.

Хатчинсон құтқарған ер адамның аты әзірге белгісіз. 

Сенбідегі наразылықтардан кейін полиция 100-ден астам адамды қамауға алды.

Патриктің айтуынша, өзі наразылық білдіруге шыққан. Ол адамзат нәсілдік кемсітушілікті жеңіп, бейбіт өмір сүре алады деп үміттенеді. 

«Бәріміз үшін теңдік болғанын қалаймын. Мен – әкемін, атамын. Балаларым, немерелерім, жиендерім жақсы әлемде өмір сүрсе екен деймін», - деді Хатчинсон. 

Еске сала кетейік, 25 мамыр күні Джордж Миннеаполисте полицейлердің қолынан қайтыс болды. Оны ұстау барысында Дерек Шовин тоғыз минуттай тізесімен мойнынан басып отырған. 

АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия мен әлемнің басқа да қалаларында Джордж Флойдтың өлімінен кейін наразылықтар мен толқулар басталды.