Бүгін мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасын әзірлеуге атүсті қарайтын министрлерді сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасында қазақстандық тауарларды таңбалау мен затбелгі жапсыру бойынша орталықтар құру ұсынылған. Алайда дәл осы заң жобасымен таңбалау мен затбелгі жапсыру функциясын атқаратын бірыңғай оператор құру да көзделіп отыр. Осы орайда Нұрлан Нығматулин аталған құжатты әзірлеген үкімет мүшелерінен кәсіпкерлерден ақша сыпыратын делдал құру не үшін қажет болғанын сұрады.
"Ұлттық экономика министрлігі мен қаржы министрлігі заң жобасында осындай орталықтар құруды ұсынғанда, нені басшылыққа алып отыр? Әріптестер, бұл орталықтардың артық екені көрініп тұр емес пе? Сіздер, делдал құруды ұсынып отырсыздар. Тимур Мұратұлы, мұның жекеменшік компаниялар болатынын айтты. Олар кәсіпкерлерден тек ақша жинаумен айналысатыны анық қой", — деп ашуланды Нығматулин.
Осыдан кейін мәжіліс спикері таңбалау орталықтарын құруға қатысты "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының позициясы қандай екенін сұрады.
"Егер таңбалау мен затбелгі жапсыру функциясын бірыңғай оператор жүзеге асырса, онда орталықтар, тиісінше, керек емес. Бірақ, Нұрлан Зайроллаұлы, орталықтар өз тауарын таңбалауға мүмкіндігі жоқ шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне қызмет көрсету үшін құрылады. Яғни, еркін негізде. Бірақ, егер, таңбалау функциясын бірыңғай оператор орындай алатын болса, әрине, онда бұл норманы алып тастауға болады", — деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.
Заң жобасында көрсетілген бірыңғай оператор таңбалау мен затбелгі жапсыру функциясын орындай алатынын ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те растады.
"Әріптестер, олай болса, бізге делдал не үшін керек? Оның үстіне, заң жобасында сіздер орталық деген түсінікті ғана енгізіп отырсыздар,ал оның міндеттері мен функциялары туралы бірауыз сөз жоқ. Сіздер қараптан-қарап кәсіпкерлерден ақша жинайтын делдал құруды ұсынып отырсыздар. Бұл мәселені қайта қарау керек", — деді мәжіліс төрағасы.
Сүлейменов екінші оқылымға дейін аталған норма жіті зерттелетінін атап өтті.
"Бірыңғай оператор болса, біз артық делдалдарды алып тастаймыз, әрине", — деді министр.
Нығматулин позициясын жылдам өзгерткен Сүлейменовті сынға алды.
"Кейде менде мынадай ой қалыптасады: сіздер үкіметте заң жобасын әзірлегенде, мәселеге терең бойламайсыздар. Тек парламент заң жобасын жұмысқа қабылдап, депутаттар түзету енгізу керектігін айтқанда ғана, лезде өзгеріп сала бересіздер. Құдды, болидінің шинасын жүріп бара жатып ауыстыратын "Формула-1" шабандоздары секілді. Парламентке келіп алып, өздеріңіз әзірлеген заң жобасына түзету енгізіп, пысықтайсыздар. Бұл сіздердің жұмысқа атүсті қарайтыныңызды көрсетіп отыр", — деді мәжіліс төрағасы.
Нығматулин екінші оқылымға дейін заң жобасында бірыңғай операторға қойылатын талаптарды бекітіп, артық делдалдарды алып тастау қажеттігін айтты.