«Совесткий спорт» порталының журналисі Дмитрий Спириннің ойынша, Рио-Олимпиадасы аясындағы Левит-Тищенко финалдық жекпе-жегі бойынша шығарылған шешім AIBA-ның медаль үлестіру саясатын ашық көрсетті. Осы жекпе-жектен Өзбекстан құрамасы пайда көрді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Ол жекпе-жекті неше рет көрсек те, қай қырынан қарасақ та, Василий Левиттің басымдылығы айқын байқалады. Ол алтын медальға лайықты өнер көрсетті. Меніңше, бұл жерде төрешіліктің олқылықтары жайында емес, AIBA-ның белгілі бір саясаты туралы айтқанымыз жөн. Бұл дегеніміз, Ресей өзіне «тиесілі» алтынын алды. Алайда ол шешімнің пайдасы Өзбекстан командасына тиді. Себебі біздің боксшыларымыз – Алоян мен Дунайцев тең дәрежеде өнер көрсетсе де, жеңісті өзбек боксшыларына берді. Ол жақта Ресей құрамасының жоспары орындалды, бір алтын, бір күміс пен екі қола, осымен ұпайы түгел деп шешкен шығар», - дейді Д.Спирин.
Айта кетейік, финалдық жекпе-жекте жерлесіміз Василий Левиттің басымдығы байқалса да, төрешілер өз шешімін ресейлік Тищенконың пайдасына шығарды. Осыдан кейін залда отырған халық ысқырып, өз наразылығын білдірді.