29 қыр, 2017 сағат 17:02

Ләззат Нұрқатова: Біздің міндетіміз - үміткер жетістіктері тарихының бірегейлігін һәм ерекшелігін айқындау

"Қазақстанның 100 жаңа есімі" тізімінен табылғысы келетін үміткерлер ішінде ер адамдардың саны әйелдерге қарағанда басымырақ. Бұл деректі бүгін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша жұмыс тобы мен сарапшылық топтың кезекті отырысында әлеуметтану ғылымдарының докторы Ләззат Нұрқатова хабарлады, деп жазады "Ұлт ақпарат".

«Біз кандидаттың өмірбаянын, жетістіктер тарихын кімнің, қайдан және қаншалықты көп жібергеніне аса мән бермедік. Ондай санақпен және статистикамен айналысқан жоқпыз. Біздің міндетіміз үміткер жетістіктері тарихының бірегейлігін һәм ерекшелігін айқындау болды. Яғни оның тарихының жылнамалық аясына, барлық талаптар мен сұраныстарға сай келетініне жіті мән беруге тырыстық. Нақты айтқанда, Қазақстан тәуелсіздігі кезеңіндегі тарихы қызықтырды», - деді ол.

Нұрқатованың айтуынша, қоғамдық дауыс беруге ұсынылған кандидаттың 67 пайызын ер-азаматтар, ал қалған 33 пайыз әйелдер құраған.

«Алдын ала іріктелген кандидаттардың гендерлік және этникалық құрамына қатысты мынадай қызықты жайт белгілі болды. Үміткерлердің шамамен 67 пайызын ерлер, 33 пайызын әйелдер құрайды. Өз қоғамына барлық жағынан үлгі болатын тарихтың батырлары, аймаңдай азаматтар қатарында: қазақтар, орыстар, корейлер, немістер және украиндықтар бар», - деді ол өз сөзінде.