Ресей Қырғызстан мен Тәжікстан арасында шекара мәселелері бойынша келіссөзде ара ағайын болуға дайын. Бұл туралы Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді.
"Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасы мәселелеріне тоқталсақ. Өкінішке қарай, жағдай алғаш рет ушығып отырған жоқ. Біз одақтас елдерді диалог орнатып, күш қолданбауға шақырамыз. Ара ағайын болуға да дайынбіз. Жағдай неғұрлым жылдам тынышталса, соғұрлым жақсы. Біз бұл туралы бүгін достарымызға да айттық" деді Лавров Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің СІМ жиынында.
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі әзірге түсініктеме бермеді.
27 мамырда қырғыз-тәжік шекарасында "Қырғызстан азаматы Тәжікстан азаматына қарай оқ атты" деген ақпарат шыққан. Қырғызстанның шекара қызметі мәселені анықтап жатқанын хабарлаған. 24 мамырда да шекара маңындағы Мойнок жайылымында кішігірім атыс болған.
8 мамырда шекара маңында Қырғызстан және Тәжікстан тұрғындары арасында қақтығыс болып, аңшылық мылтық, миномет қолданылған. Қырғыз тарабынан үш адам, Тәжікстаннан екі адам зардап шеккен.
Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Қазірге дейін 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілген. Ал шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.