Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында кириллицадан латын әліпбиіне көшу процесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл үдерісті біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында көтерді. Ол латын қарпіне көшудің тек қазақ тіліне қатысты екенін, орыс тілінің жағдайына әсер етпейтінін бірнеше рет мәлімдеді. Жаңа технологиялардың жедел енгізілуіне байланысты жаһандық ақпараттық кеңістік те қарқынды түрде өзгеріп келеді. Негізгі ақпараттар латын графикасына негізделгендіктен, біздің балаларымыз жаңа жағдайға бейімделуі керек», - деді Президент.
Президент қазақ әліпбиін жаңғыртудың қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндіктерін кеңейту ниетінен туындағанын жеткізді.
«Сонымен қатар біз Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, латын қарпіне біртіндеп көшеміз. Қолдан жеделдетуге жол берілмейді. Себебі, мұнда кириллицадан латынға жай ғана көшу емес, қазақ тілінің орфографиясын қайта құру жөнінде айтылып отыр. Одан бөлек, қазақ әдебиетінің классиктерінің барлық маңызды еңбектері кириллицада жазылғанын, көптеген қазақ ұрпақтарының кирилл әліпбиінде білім алғанын және қазір де оқып жатқанын естен шығаруға болмайды. Асығыс қадам жасау мұндай үлкен іске зиянын тигізіп, шалыс бастыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені ақылға салып, парасаттылықпен шешу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.