Латын әліпбиіне өтуіміз керек - ол анық дүние. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз ол арқылы түркі тілдес халықтарға бір қадам жақындаймыз, - деді жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев.
Алматылық зиялы қауым «Рухани жаңғыру» бағдарламасыаясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге қатысты пікірлерін білдірді. Академик Серік Қирабаев түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латын әліпбиінде жазылғандықтан, оларды зерттеуде оңайға түседі деген пікір айтты.
«Түп негізінде латын әліпбиіне көшу - түркі тілдес бауырлармен толық ынтымақтастық орнатумен тең. Негізі бұрын бізде латын әліпбиінде жазып, оқығанбыз. Сол кезде жазылған қаншама жәдігерлер зерттелмей немесе аударманың арқасында өз құндылығын жоғалтып алды емес пе?!
Мәңгі ел боламыз десек, онда біз мәңгі қалатын тілімізді, әліпбиімізді жасауымыз керек. Бұл жұмысты өте мұқият және қоғаммен санаса отырып жүргізсек, жақын арада нәтижесіне жетеміз деп ойлаймын», - деді ҚРҰҒА академигі Серік Қирабаев.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Парламент тыңдауында қазақ тілінің латын графикасындағы әліпби жобасы ұсынылған болатын.