20 жел, 2018 сағат 12:22

Латын әліпбиіндегі қазақша пернетақта қандай болады?

Қазақ тілінің латын әліпбиіне арналған пернетақтасының екі нұсқасы Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik.

Пернетақтаны жасап шығарғандар қазақ тілінде ең жиі қолданылатын әріптерді анықтаған. Олардың қорытындысы бойынша, сөздік қордың 80%-ында негізінен 42 әріптің 19-ы пайдаланылады.

Институттың бас ғылыми қызметкері Асқар Жұбанов "Алматы" телеарнасына берген сұхбатында айтқандай, ғалымдар сөздердің алты-жеті миллиондай қолданысын қарастырып, қазақ тілінің бес стилін қамтыған.

Бірінші нұсқада стандартты пернетақтаны толықтай өзгертіп, көбінесе қатар кездесетін әріптерді бірге орналастырды. Екінші нұсқада – стандартты пернетақта еш өзгертілмеген, бірақ оң жақта латын әріптерінің батырмалары тұрады.

Екі нұсқа да білім және ғылым министрлігіне жіберілді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен Қазақстанда мемлекеттік тіл кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшеді. Іс-қағаздары, баспа және оқулықтар 2025 жылға қарай ауысуы тиіс. Әліпбиде қазақ тілінің төл әріптері үшін диакритикалық таңбалар қолданылмақ.

Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы