03 ақп, 2026 сағат 16:30

3 жастағы баласын соққыға жықты деген ер адам бұған дейін қызының еміне қаржы жинаған

Фото: Halyqstan 

Жетісу облысының тұрғыны Азат Қазанғаптың 3 жастағы қызын соққыға жықты деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы Halyqstan Telegram арнасы жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам кеше масаң күйде ұсталған. Ол өз қызына күш қолданды деген күдікке ілінген. Қазіргі таңда зардап шеккен бала жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

Айта кетерлігі, бұған дейін әлеуметтік желілерде ұсталған адамға ұқсас ер адам қыз баланың еміне, нақтырақ айтқанда бауыр трансплантациясына қаражат жинау туралы жазба жариялаған. Аталған жазбадағы бала мен қазіргі жәбірленуші бір адам болуы мүмкін деген күдік туындап отыр.

Қазір күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы — «Кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша айып тағылып отыр.

Аталған бап бойынша 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұған дейін Талдықорғанда ер адам әйелі мен үш жасар баласын аяусыз соққыға жыққанын жазғанбыз.