16 қар, 2016 сағат 19:57

«Қызылжар-Құс» қайта қанаттанды

«Кәсіпорын қайта қосылды» деген хабарын естіп Қызылжар ауылы жаққа барып қайтқан едік. Жалпы, Ақсу қаласы ауылдық аумағына қарасты «Қызылжар-Кұс» фабрикасының жобасы елімізде қабылданған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасыбойынша жүзеге асырылуы керек еді. Индустрияландыру картасына енгізілген. 2011 жылы жұмыртқа өндіретін «Қызылжар Агро» ЖШС банкротқа ұшырады да, кейін «Қызылжар-Құс» серіктестігі деп аталды. Жаңа инвестор шаруашылықты жаңадан құруды бастады. Яғни, 1954 жылдан бері жұмыртқа өндіріп келе жатқан кәсіпорынды құс етін өндіруге көшіру туралы шешім қабылданды. «Балапандардың инкубациялық жұмыртқалары қарағандылық шаруашылықтан сатып алынады. Құс етін өндірудің бастапқы көлемі жылына 4 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда құс фабрикасында 150-дей тұрғын еңбек етуде…» деп жаздық газетімізде кезінде.

Кәсіпорынның жолға тү­суі­­­­­­не моноқалаларды дамыту,­ «Биз­­нес­тің жол картасы-2020» жә­не «Агробизнес-2020» бағ­дар­ламалары ар­қы­лы­­ мем­лекеттік қол­дау жасал­ды.­ Екін­ші­ден, өндірісті Ақсу – мо­но­қала бо­лып тұр әзір­ге. Айна­ласы толы ауылда­ры бар мо­ноқаланың бұл бағ­­дар­­ла­масының, әсіресе, ауыл­дық­тарға пайдасы тиюі сөз­сіз. Фер­мада еңбек еткен жұмыс­шы­лардың айтуынша, 2010 жылдары құс фабрикасында 320 мың тауық болса, жыл сайын 14 миллион жұмыртқа алып отырған көрінеді. Көрші ауылдарды қосқанда 200 тұрғын фабрикада жұмыс жасапты.

Жалпы, «Қызылжар-Құс» ЖШС инвесторы Дәулет Сыз­ды­қовтың айтуынша, құс фабрикасын қалпына келтіру жоба­сы­ның жал­пы құны 5,7 млрд теңгені құрай­ды. 2012-2014 жылдары 3,6 млрд теңге инвестиция құйылған. Құс фабрикасының 9 құс қорасы, құс сою цехы, инкубатор, тоңазытқыш цехы қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртылған. Голландия, Гер­мания және Ресейден жаңа жаб­дықтар жеткізіліп, орнатылған.

Серіктестіктің құс фабрика­сын жаңғырту жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезегінде жылына 4 мың тонна құс еті өндіріледі. Бұл облыстағы құс етіне деген сұраныстың 70 пайызын өтейді. Екінші кезегі іске қосылғанда өн­ді­ріс қуаты 8 мың тоннаға жетеді.

Бірақ, кәсіпорын ашылмай жатып, жабылды. Себеп – бәсе­ке­­лестік. Фабрика өнімдері жер­гі­­­лікті ішкі нарыққа шық­қан кез­­де өнімдері өтпей қал­ды. Ақ­су қалалық кәсіпкерлік бө­лі­мі бұған тағы бір себеп: 2014-2015 жылдарғы рубль баға­мы­н­ың төмендеуі, екіншіден, об­лыс­тағы сауда нүктелеріне Өскемен, Алматы, Қарағанды жә­не ресейлік құс фабрикалары­нан тауық еті жеткізілуі дейді. Ал ба­­ғасы арзан әрі сапалы өнімді із­дейтін тұтынушы таңдауына ешкім шек қоя алмайды. Сапалы өнімнің жолы болады. Сондықтан, «Қызылжар-Құс» серіктестігінде сауда орындарынан қайтқан, өтпеген өнімнің жиналып қалуы фабриканың тоқтауына әкеліп соқты. Екіншіден, инкубациядағы жұ­мыртқадан өсіп шығатын құс­тарға арналған жемшөптің жетіспеушілігінен өндірістік тех­­нологиялық үрдіс бұзылса ке­рек. Логистикалық жүйенің қол­ға алынбауы, сауда желілері кес­тесіне үңілмеудің нәтижесі және бар.

– Қайта ашылдық. Ресейлік, өскемендік бәсекелестер бұдан әрі бізге кедергі болмайды, – деп сендірді бізді «Қызылжар-Құс» серіктестігінің директоры Евгений Кузьменков. – Қыркүйек айында 200 тонна құс етін шығардық. Қазір 80 тоннасы саудаланды. Ті­п­ті. кәсіпорын шығаратын жаңа­дан 16 түрлі өнім қосылыпты. Бұ­ған дейін тоңазытқыштарды жал­ға алсақ, қазір өзіміз сатып ал­д­ық. кәсіпорын өз жұмысын бір жыл­ға тоқтатқанымен, 840 адам өз жұмыс орындарында қалды. Қазір рубльдің бағамы тұрақты, ресейлік құстың құны да біздің өніммен салыстырғанда арзанға түсе қоймайды, – дейді.

Әрине, қазір қай кәсіпорын болмасын, өнім өткізу, ең басты мәселе. Отандық өнімге жол ашу, отандық өнімді өткізудің жолын таппай отырғандаймыз.

Біріншіден, «Қызылжар-Құс» серіктестігі әуелден жұмыртқа өндіріп келді, айналдырған бір-екі жылда құс етін мол өндіре қою да оңай емес. Алдымен дұрыс жоба, жоспар, ғылыми түрдегі зерттелген дайындық керек. Серіктестікте болған кезінде бірде тоқтап, бірде жұмыс жасайтын құс етін өндіруді қолға алмақшы кәсіпорынның алдағысы қалай болар деді ме, облыс әкімі Болат Бақауовтың өзі де жұмыртқа өндіруді қайтадан қолға алған дұрыс деген-ді. Өйткені, фабриканы балапандармен және инкубациялық жұмыртқалармен қамтамасыз ету үшін алдымен құс тұқымын асылдандыру деген де үлкен мәселе бар. Инновациялық жаңашылдықтар өндіріске енуі қажет. Сапалы өнім көзінің басты түрі осы – асыл тұқымды құс. Яғни, құс өсіруге де ғылыми көзқарас, ғалымдар көмегі қажет. Құс өсіру­шілердің айтуынша, елімізде отан­дық құс кростар жоқ. Құс кросы дегеніміз етті және жұмыртқа беретін бағыттағы құстардың асыл тұқымы көрінеді. Әзірге бұл мәселеде шет елден әкелінетін асыл тұқымға тәуелді екенбіз.

Біздің өңірде осы мәселемен айналысатын, тіпті құстардың биоазықтық қауіпсіздік тақыры­бын зерттеп жүрген ғалымдар да аз емес. Егер өндіріс олармен бірлесе жұмыс жасаса, фабрика бірде ашылып, бірде жабылмайтын шет елдердегідей өркениетті құс кешеніне айналар еді.

Біз көрген «Қызылжар-Құс» фабрикасының цех іші суық, салқын. Мұнда негізінен әйелдер жұмыс жасауда. Өнімдердің қалай жасалып, қалай оралып бүктеліп жатқанына дейін көріп тұрмыз. Құс еті тартылып, жұқа қаптарға салынуда. Бұл жергілікті нарықтағы жаңашылдық екен. Тұшпара жасай бересіз. Фабрикада 240 адам еңбек етуде. Орташа жалақылары 50-60 мың теңгені құрайды.

– Ақтөбе, Қарағанды, Шым­кент, Алматы өңірлерінен тапсырыстар түсуде, – дейді Евгений Кузьменков. Кәсіпорын басшысы сұраныс артты деп қуанып тұр. Өнім сапасы жоғары дейді. Айына құс фабрикасы мың тоннадай жем тұтынады екен. Бір келі азықтың бағасы – мың теңге. Қазір Қарағандыдан емес, жұмыртқаны Ресейден сатып алады.

Жұмыртқа демекші, осы жуырда ғана өңірдегі Жетекші ауылында «Павлодар-Құс» құс фабрикасы деген тағы бір кә­сіп­­орын жұмысын бастады. Бі­рін­ші кезеңінде жыл сайын 63 мил­лионға дейін жұмыртқа өндір­мекші. Жобаға салынған инвести­ция­лар көлемі – 500 миллион тең­ге. Жергілікті бұл фабрика «Қызыл­жар-Құсқа» бәсекелес бола­ды деген сөз.

– Біз балапандардың алғашқы пар­тиясын әкелдік. Енді олар­­ды 130 күн ішінде жемдеп,­ өсі­ретін боламыз, – дейді «Пав­ло­дар-Құс» ЖШС-нің директо­ры Ербол Досыбаев.  Өнім са­ты­лымға шығару үшін облыс кә­сіп­орындары мен сауда желілерімен алдын ала келісімшартқа отыр­дық. Бройлер әдісі арқылы ба­лапандар өсіріп, кәсіпорынның іші-сырты жаңарып, заманға сай технология бойынша құс өсіріп, ет пен жұмыртқаны көбейтпекші. Фабриканы жеммен қамтамасыз ететін құрамажем кәсіп­­орны жұмыс істейді.

– Біздің тауық мемлекеттік стандарт талаптарына сай. ЭКО, Халал сапасының стандарттары бар. Тоңазытқыштар сатып алып, салқындатылған ет саудалаймыз. Егер өскемендік тауық еті Павлодарға дейін бір тәулікте жететін болса, қызылжарлық  тауық сойылғанан кейін жарты сағат өткен соң дүкен сөрелерінде тұрады, – дейді фабрика директоры Евгений Кузьменков.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Қызылжар ауылы