Фото: видеодан алынған кадр
Қызылодадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова 2 мыңнан астам педагогтың арасында өткен бәсекеде "Қазақстан мұғалімі" ұлттық сыйлығын иеленді, деп хабарлайды Ult.kz 24KZ-ке сілтеме жасап.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова оқушыны қызықтырудың бірнеше әдісін дайындаған. Соның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесін бүгінгі білім беру бағдарламасына негіздей отырып жасады.
"Мұғалім сабақ берумен шектелмей, шығармашыл болуы керек, ізденіс үстінде жүріп, жан-жақты болуы тиіс. Өйткені қазіргі бізді оқытып жатқан оқытушыларымыздың көпшілігі қазіргі заманға бейімделіп кеткен. Сондықтан олардың ойын бір жерде шоғырландыру өте қиын. Зерттеу арқылы оқушылардың қызығушылығын арттырып отырамыз", – дейді Гүлзат Шынтасова.
Ұлағатты ұстаз бұған дейін де республикалық байқауларда топ жарған. Бірнеше шәкірті ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды.
"Өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап және әртүрлі олимпиададан, ғылыми жобадан жетістіктерге жетіп келе жатыр. Қазақстанның алғашқы ас мәзірінің қазақ тіліндегі нұсқасын жасаушылардың құрамына енді", – деп атап өтті мектеп директорының орынбасары Ербол Қайнарбаев.
"Қазақстан мұғалімі" байқауында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар мен сарапшылар осы идеяға ереше назар аударған.
"Білім берудің жаңашыл моделі деп жүрген көп дүниені Ахмет Байтұрсынұлының жазып кеткен еңбектерінен табуға болатынын "Әлем мұғалімі" байқауында дәлелдегім келеді. Қазір бұл жобаны ағылшын тілінде қорғау үшін дайындалып жатырмын", – дейді ұстаз.