Қызылордада 33 қасқалдақ атып алған аңшылар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Арал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 1 қарашада рейд жүргізген болатын. Аталған шара барысында Кіші Арал теңізінің аймағында аңшылықпен заңсыз айналысқан 3 азамат қолға түсті.
Олар мінген «Нива» автокөлігін тексеру барысында 56 келі сазан балығы, 37 құс (33 қасқалдақ, қаз, үйрек) тәркіленді. Сондай-ақ, олардан 3 аңшы мылтығы және 140 дана оқ алынды.
«Қолға түскен азаматтардың үшеуі де жұмыссыз. Барлығы Арал ауданында тұрады. Тексеру барысында олардың қолындағы аңшы мылтығы ішкі істер органдарында тіркеуде жоқ екендігі анықталды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 1-бөлігімен (Заңсыз аңшылық) тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.