Фото: Depositphotos.com
Қарағандыда кәмелетке толмаған қызды топ болып соққыға жыққан жасөспірімдердің бірінің анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.
Сотта әйелге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау») бойынша іс қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, 2010 жылы туған жасөспірім қыздың анасы бала тәрбиесіне тиісті деңгейде көңіл бөлмеген. Бақылаудың жеткіліксіз болуы салдарынан кәмелетке толмаған қыз құқыққа қайшы әрекетке барған.
Жасөспірім басқа балалармен бірге тағы бір кәмелетке толмаған қызды соққыға жыққан. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша сараланған.
Сот мәліметінше, жасөспірімнің анасы балаларды тәрбиелеу, оқыту және асырау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамайтын ата-аналар санатына жатады және полицияның профилактикалық есебінде тұр. Оның қызы да мектепішілік және полиция бөліміндегі профилактикалық есепке алынған.
Сот барысында әйел өз кінәсін мойындады. Ол қызы әжесінің үйіне кетіп қалғандықтан, оның жүрген жерін бақылауға мүмкіндігі болмағанын, кейін қайда болғанын білмегенін айтты.
Прокурор соттан жасөспірімнің анасын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салуды сұрады.
Сот қаулысымен әйел Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 45 413 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Қарағандыда қыздың бір топ жасөспірім тарапынан соққыға жығылғаны туралы оның анасының үндеуі тараған еді. Полиция алты кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, бөлімшеге жеткізілгенін хабарлады. Алғашқы тергеу нәтижесінде жанжалдың бастамашылары бір ұл мен бір қыз уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
