Қытайлық туристік компаниялар Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне туристерді тартудың амалын тауып отыр, дейді ҚазАқпарат тілшісіне пікір білдірген ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали.
Марат Иғалидің айтуынша, бүгінгі таңда қытайлық туристік компаниялар сайттарында Қытайдағы «Singer» жобасына қатысқан әнші Димаш Құдайбергеннің фотоларын жариялаған. Осылайша, олар ЭКСПО-ға туристер тартпақ.
«Кытайлық турфирмалар Димаштың фотолары мен туртоптамаларды сатып жатыр. Димаштың жетістігі Қазақстан иммиджіне пайда берді, бұл үлгілі іс. Иә, шындығында, Димаш Қазақстан туризмінің өзіндік бейнесіне айналып үлгерді. Қытайлардың топталып келгені жақсы, олар бізге ақша әкеледі. Барлығы Димаштың ЭКСПО-да өнер көрсетуін күтеді. Қытайда оның танымалдылығы артып, шоудағы кезең сайын әлеуметтік желісінде тіркелушілер саны артып барады. Қытайлықтар үшін жай ғана Қазақстанға бару емес, Димаш тұратын елге бару қызық болып тұр», - деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Димаш Құдайберген «Singer» байқауының 6-турында жеңімпаз атанды. Ол Лара Фабианның «Adagio» әнін орындады.