09 нау, 2017 сағат 15:44

Қытайлық қыздар Димашқа Қазақстаннан қазы-қарта тасып жатыр

Қытайлық жанкүйер қыздар Димаш Құдайбергенге Қазақстаннан тағам тасып жатыр, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz әншінің PR-директоры әрі досы Алпамыс Шаримовқа сілтеме жасап.  

"Димаштың @kudaibergenov.dimash жанкүйерлері күннен-күнге таңғалдыруларын қоймайды. Расымен, мақтанға салынбайықшы деп, көп тосын сыйларды жариялай бермейміз. Бірақ, бүгінгісі ерекше! Қытай фанаттары арнайы Қазақстанды зерттеп, виза ашып, елімізге барыпты. Димаштың қарны ашып қалмасын деп, қазақ ұлттық тағамдарын дайындап бүгінгі түскі аста бізді таңқалдырды. Қазы-қарта, тары-талқан, құрт-май, жеміс-жидек бәрі бар! Жырақта жүрген жан үшін бұл тағамдардың орны ерекше екені сөзсіз! Қорап-қорап сыйлық. Әлі ашып та үлгермей жатырмыз! Барлығы әншісіне деген ниеті ғой жанкүйерлердің", - дейді әншінің өкілі. 

Қорап-қорап болып жасалған сыйлықтың ішінде сүрілген ет, қазы-қарта, құрт, тары бар. 

Оның айтуынша, Димаш Құдайбергенге арналған фан-топтар көп. "Бұл #DimashSisters яғни "Димаштың қарындастары" атты фан топтың сыйлығы. Қиялдарында шек жоқ қой шіркін!? Қандай керемет!.. Димаштың атынан барша #DimashSister фан тобының қыздарына алғыс білдіремін! Бүгін біз расымен де ауылға барып қайтқандай болдық!!! Рақмет, Dears!", - деп жазды ол Instagram желісінде.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген алдағы сенбіде, яғни 11 наурызда Hunan TV арнасында Димаш Құдайберген I'm a Singer байқауының сегізінші кезеңінде өнер көрсетеді. Ал 9-шы турда қазақстандық әнші All by Myself әнін орындайды.