30 қаң, 2020 сағат 13:00

Қытайдағы студенттерді елге жеткізу тәртібі белгіленді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қытайдағы студенттерді Қазақстанға жеткізу кезінде қауіпсіздік шараларына баса назар аударылатынын айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер ол студенттерді (Қытайдағы) алып келетін болсақ, біз олар алдымен карантин шараларымен қамтылады. Оларға дайындап қойған ауруханамыз бар, оларды сонда жеткізіп, 14 күн бойы тиісті шаралар атқарылады. Яғни тексеру жүргіземіз, зертханаларда қан сынамалары зерделенеді. Зертханада бұл адамдардан денсаулығына ешқандай қауіп жоқ деген қорытынды берілгеннен соң, олар ауруханадан шығарылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, аталған студенттер әуежайға жеткізілгеннен кейін, қауіпсіздік  шараларын сақтай отырып, оларды медицина қызметкерлері күтіп алады.

Айта кетейік, Бердібек Сапарбаев Қытайдағы студенттерді алып келуге ұшақ дайын екенін мәлім етті. Бұдан бұрын хабарланғандай , ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Қытайдағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген Қазақстанның студенттеріне демалыс мерзімін ұзарту шаралары пысықталып жатқанын айтты. Қытайдың Ухан қаласында 400 студент оқып жүр. Соның ішінде 98-і сол қалада, яғни олар оқу орнының кампусында.