05 ақп, 2021 сағат 07:23

Қытайда интернет пайдаланушылардың саны 1 миллиардқа жуықтады

Қытайдың интернет ақпараттық орталығы жақында елдің «Интернетті дамыту туралы статистикалық есебін» жариялады.

Жарияланған ақпаратта 2020 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша Қытайда 989 миллион интернет қолданушысы бар екендігі көрсетілген. 

Статистика көрсеткендей, 2015 жылы Қытайда интернет қолданушылар саны 688 миллион болса, 2020 жылы 989 миллионға жетті. Бұл елде 5 жыл ішінде интернет қолданушылар саны 43,7 пайызға артты.

Басқаша айтқанда, қазіргі әлемде интернет пайдаланушылардың арасында әрбір бесінші адам - қытайлық деген сөз.

Қытай интернет пайдаланушылар арасында, ауылдық пайдаланушылар саны барлығы 31,3% құрайды, шамамен 309 млн.

Баяндамада Қытайдың ауылдық аймақтарының жартысына жуығы (55,9%) интернетке қол жеткізе алатындығы айтылды.

Қытайлық интернет қолданушылардың білімі тұрғысынан, олардың 40%-ы орта мектепті бітіру деңгейіне ие (9-сынып). Жоғарғы орта мектепті (11 сынып) немесе колледжді бітірген интернетті пайдаланушылардың саны шамамен 20% құрайды. Бастауыш мектеп немесе одан төмен білімі барлар интернет қолданушылар санының 19% құрайды.

Басқаша айтқанда, бұл елдегі интернет пайдаланушылардың шамамен 20% ғана жоғары білімді.

Кәсібі бойынша интернет пайдаланушылардың 21%-ы мектеп оқушылары, одан кейін 16,9%-ы өз бетінше жұмыс жасайтындар / фрилансерлер, 8,0%-ы ауыл, орман, мал шаруашылығы және балық аулау саласының қызметкерлері.

Қытай үкіметінің интернетті бұғаттау саясатына байланысты қытайлық интернет қолданушылар басқа елдердің интернет қолданушыларымен әдеттегідей байланысқа түсе алмайды, сондай-ақ Facebook, YouTube және Twitter сияқты халықаралық әлеуметтік желілерге кіре алмайды. Осыған қарамастан, қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары Қытай «әлемдегі ең үлкен сандық қоғамға ие» деп мәлімдейді.