Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жария етілді. Қазақстан Президенті елдің әлеуметтік-экономикалық даму болашағы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі жариялаған мазмұны-терең, мақсаты-айқын Жолдауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көзқарасы мен көшбасшылығын айқын көрсетеді.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі 27 жыл ішінде Президент Назарбаевтың дана басшылығымен қоғам тұрақтылығы сақталып, экономикасы қарқынды дамып, халықтың өмір сүру деңгейі көтерілді, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі күн сайын артып, дамудың жарқын болашағына жол ашылды. Қытай дос, әрі көрші мемлекет ретінде Қазақстанның жеткен жетістіктері үшін шын жүректен қуанышты.
Соңғы жылдары ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің және Президент Н.Назарбаевтың жеке басшылығымен Қытай мен Қазақстан арасындағы саяси өзара сенім мен қолдау одан әрі нығайып, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық тереңдей түсуде. Бірлесе құрған «Бір белдеу, бір жол» бағдарлама аясындағы өндірістік нысандар саласындағы ынтымақтастық өзінің нәтижесін көрсетіп, екі елдің ортақ дамуына айтарлықтай ықпал етіп келеді. Соның бір дәлелі ретінде Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына байланысты келесі бес аспектіні іске асыруға және Қазақстанның дамуына нақты іс-әрекеттерімен белсенді қолдау көрсетуге дайын.
Біріншіден, Қазақстандағы негізгі қалалар мен аймақтың құрылысын қолдау. Мемлекет басшысы Жолдауында, аймақтық және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды және урбанизацияны басқарудың жаңа жоспарын әзірлеуді ұсынды. Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беріліп, ал Түркістан қаласында «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл Қазақстанның оңтүстігіндегі кең аумақтарды дамытудың үлкен тарихи маңызы бар екенін білдіреді. Осыған орай мен жақын арада Шымкентке және басқа да өңірлерге ресми сапармен баруды, жергілікті билік өкілдерімен кездесуді жоспарлап отырмын. Онда оңтүстік өңірдің даму қажеттілігін, екі ел арасындағы іскерлік байланыс пен жобалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал көрсету жолдарын зерделемекпін. Қазіргі уақытта қытай компаниялары Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Түркістанда түйе сүтінен дайын ұнтақ шығаратын Қазақстан мен Қытайдың бірлескен «Golden Сamel group LTD» зауытының құрылысы толық аяқталды.
Екіншіден, Қазақстанды шикізаттық емес сектор салаларын дамытуды қолдау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауы кезінде ұлттық экономиканың дамуына экспортқа бағытталған өңдеуші кәсіпорындарды қолдау және қазақстандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға қолдау көрсету керектігін атап өткен болатын. Қытай - Қазақстанның жақын көршісі әрі әлемдегі ең ірі тұтыну нарығы. Қазақстанның Қытайға экспортты кеңейту мәселесі де ерекше басымдылыққа ие. Қазіргі уақытта қытай компаниялары Қостанай,Солтүстік Қазақстан және басқа да облыстарда, экспортқа бағытталған Қазақстанның өңдеу кәсіпорындары,соның ішінде заманауи автомобиль құрастыру және өндірістік зауытты, астық және майлы дақылдарын өңдеу өнеркәсіптермен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Олардың өнімдерінің басым бөлігі Қытайға және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне сатылып, Қазақстанға үлкен экономикалық пайда әкелуде. Сондай-ақ бұл жобалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан жоғары бағаланды. Болашақта Қытай елшілігі Қазақстан мен Қытай арасындағы әлеуетті ынтымақтастықты нығайтуға жағдай жасап, Қазақстанға неғұрлым озық және жасыл өндіріс қуатын енгізуге, Қазақстандағы «Үшінші жаңғырту» бағдарламасына демеу көрсетуге, өнеркәсіпті жаңғыртуды жүзеге асыру мен экспорттық әлеуетті дамытуға, «Қазақстанда жасалған» жоғарғы сапалы өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға қолдау көрсетеді. Болашақта Қытай Елшілігі екі ел үшін аймақтық екі жақты прагматикалық ынтымақтастықты нығайтуға,Қытаймен ынтымақтастық үшін Қазақстанның әрбір өңірінің аймақтық артықшылықтары мен қосымша артықшылықтарын анықтауға, негізгі қалалардың кластерін дамытуға жәрдемдесіп жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға ықпалын тигізуге дайын.
Үшіншіден, жоғары технологиялық және инновациялық салаларды дамытуда Қазақстанды қолдау. Жолдауда Мемлекет басшысы инновация мен «болашақ экономика» дамуына ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанда технологиялық инновацияларға және инновациялық экономиканы дамытуға үлкен назар аударуда. Осы салада өзара тәжірибе алмаса отырып, екіжақты оқу, білімді жетілдіру қос тарапқа да аса тиімді болып есептеледі. Қытай Қазақстанмен бірлесе отырып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде орналасқан алғашқы супер есептеуіш орталығын құру жұмыстарын жүргізуде.
Қытай Елшілігі заманауи агротехнологиялар, биомедицина, жасанды интеллект, үлкен дерек көздері, электронды тауар бағытында өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға қолдау білдіреді. Бұдан бөлек, ғылыми зерттеулер мен инновациялық мүмкіндіктерді бірлесіп жетілдіруге, жоғары технологиялық индустрияландыру мен нарыққа шығуды жеделдетуге және екі елдің экономикалық дамуын негізге ала отырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға дайын.
Төртіншіден, туризмді дамытуда Қазақстанды қолдау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда ішкі және сыртқы туризмді қарқынды дамыту керектігін атап көрсетті. Қазақстан - табиғаты өте әсем, туристік ресурстарға бай ел. Соңғы жылдары Қазақстан үкіметі туристік ортаны жақсарту бойынша жаңа шараларды ұдайы енгізіп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы Астанада өткен ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі, «Қазақстандағы Қытай туризм жылының» сәтті аяқталуы, көлік қатынастары және туристік инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, сондай-ақ Қазақстанға саяхат жасау үшін көптеген қытай туристерін қоса алғанда, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды.
Біз екі елдің туризм салалары және кәсіпорындары арасында өзара алмасуларды нығайтуға, мемлекетаралық туризмді дамытуға, екіжақты визалық саясатты зерделеп, халықаралық туризмді кең көлемде жүзеге асыруға қажетті жағдайларды жасауға дайынбыз.
Бесіншіден, Қытай мен Қазақстан жастары арасында өзара алмасу, араласу. Мемлекет басшысы өз үндеуінде, әлеуметтік-рухани жаңғырту үдерісін дамытуды, жастарды жан-жақты қолдауды ееркше атады. Сосын 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Жастар - елдің болашағы, Қытай-Қазақстан достығының мұрагерлері де жастар.
Қытай Елшілігі «Жастар жылы» іс-шараларына белсене қатысуға және қытайлық және қазақстандық жастар арасында түрлі сала бойынша барыс-келісті ынталандыруға қолдау көрсетпек. Бұл ретте, осы іс-шара аясында екі елдің тиісті ведомстволары, университеттері мен үкіметтік емес ұйымдары «Жастар алмасу лагері» сияқты түрлі іс-шараларды бірлесе жүргізіп, екі тараптан жастарды бір-бірінің тілін үйренуге, «Вичат» және басқа да онлайн әлеуметтік платформалар арқылы жақсы дос болып, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық алауын ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруға ниетті.
Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан дамудың маңызды кезеңінде. Қытай 2049 жылға дейін қытай ұлтының қайта өркендеу жолында «Қытай арманын» іске асырса, Қазақстан 2050 жылы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатына жетуді көздейді. Екі елдің стратегиялық мақсаттарға жетудегі уақыттық нүктелері ұқсас, мүдделері бір.
Қазақстандағы Қытай Елшісі ретінде, өз атымнан және Қытай елшілігі атынан екі елдің ортақ дамуына жәрдемдесуге, екі мемлекет тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейде үздіксіз дамуына ықпал етуге бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын.
Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо