Фото: ҚР Спортты дамыту дирекциясы
Қазақстаннан ІХ қысқы Азия ойындарына шамамен 140 спортшы қатысады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.
«2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтетін ІХ қысқы Азия ойындарын Харбин мен одан 200 шақырым шығыстағы Ябули қаласы қабылдайды. Харбинде конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, кёрлинг сияқты жарыстар өтсе, Ябулиде шаңғы спорты, биатлон және шаңғы альпинизмі ұйымдастырылады», - деді Имашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның мәліметінше, бұл ойындарға 30-дан астам елден шамамен 1,2 мың спортшы қатысып, спорттың 6 түрінен (11 дисциплина: биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығын сарапқа салады.
«Қазақстан Ұлттық құрамасы аталған 6 спорт түрінен 139 спортшыны (71 ер, 68 әйел) қатыстырады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады», - деп қосты ведомство өкілі.
Құрама сапында биатлоннан 10, кёрлингтен 12, конькимен жүгіруден 20, мәнерлеп сырғанаудан 4, шорт-тректен 12, шаңғы жарысынан 12, ерлер шайбалы хоккейінен 23, әйелдер шайбалы хоккейінен 23, тау шаңғысынан 8, фристайл-акробатикадан 7, сондай-ақ шаңғы жарысынан 8 спортшы қатысады.
1996 жылы Харбинде өткен үшінші қысқы Азия ойындарында Қазақстан 14 алтын, 9 күміс, 8 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте екінші орын алған. Қазақстан сол 1996 жылдан бері қысқы Азия ойындарына қатысып, осы уақыт аралығында 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медальді (барлығы 196) жеңіп алды.