01 қар, 2016 сағат 10:33

Қырық жыл қиюы қашқан жол жөнделді

«Бір жол бар – алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар – жақын, жақын да болса алыс», дегендей, Ақсуат пен Зайсанға бет алған жолаушы бұрын қашық болғанына қарамастан, Қалбатау арқылы жүргенді жөн санайтын. Өйткені, Қарағанды мен Алматы облысы жақтан келетін жолаушылар үшін «Аягөз – Боғас» бағыты төте болса-дағы санаттан шығып қалған жол сипатында еді. Ал тәуекел етер жан болса, әбден әуре-сарсаңға түсіп, ит-ырғылжыңмен жетер еді. «Самарқанның сар жолы, Бұланайдың тар жолы» демекші, жол тауқыметін тартып, запы болған тұрғындардың талап-тілегі ескерілді. Былтыр берген уәде биыл орындалды. Облыс әкімі осыған дейін шұрық тесік, кетеуі кеткен жолмен өзі жүріп өтіп, оны жөндеуге тиісті мекемелерге тапсырма жүктеген еді. Енді жаз бойы күрделі жөндеу жүргізілген жолмен тағы да жүріп өтіп, құрылыс сапасын тексерді.

«Аягөз – Боғас» трассасы – қы­рық жыл жөндеу көрмеген, тозығы жет­кен жол торабы. Өңір үшін өте маңызды жолдың жөнделуі ар­қылы жолаушылардың 200-ден астам шақырымды үнемдеуіне мүмкіндік туды. Биыл бұл жолдың 78 шақырымы жөндеуден өтті. Тақтайдай жолмен тосылмай тіке тартқан тұрғындар дән риза. «Жол ақысы – жүру» дейтін елге керегі де осы ғой.

– Бұрын Ақши мен Аягөз арасында бір сағаттан артық жүрсек, қазір жарты сағатта жетеміз. Уақыт үнемделетін болды, көлігіміз де бұзыла бермейді. Ауылдың мәсе­лесіне көңіл бөліп, қамқорлық көр­сет­кен Елбасымызға, облыс басшысына елдің ризашылығы шексіз, – деді Аягөз ауданындағы Ақши ауылының тұрғыны Тұрсынғали Оралбаев.

Облыс басшысы атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Бұл бағыттағы жол құрылысының қал­ған бөлігі келесі жылы жал­ғас­пақ. Алғыс айтқан ағайын мем­лекеттің қолдауын сезініп, көңілдері тасығаннан тағы бір жолды жөндеп беруді сұрады. Бұл – аудан аумағындағы «Аягөз – Шұбартау» тас жолы.

– Жөндеу жұмыстары жалғасын та­бады. Ал Шұбартауға дейінгі жол­дың жағдайын қарастырайық. Тиісті орындар барлық жұмыс көлемін есептеп, сараптайды. Содан кейін бір шешімге келеміз, – деді Д.Ахметов.

Жалпы, Шығыс өңірі – жол­дар­дың ұзақтығымен ерекшеленетін аймақ. Облыстық жолаушылар кө­лігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Берік Бейсекеновтің айтуынша, ағымдағы жылы облыстық маңыздағы жол­дар­ды орташа жөндеуге бюджеттен 5,3 миллиард теңге қарас­ты­рылған. Оның ішінде 3,5 миллиард теңге жол жөндеуге, 1,77 миллиард теңге жолдарды күтіп, ұстауға бағытталған. Биыл жалпы қашықтығы 221 шақырым болатын 16 жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Биыл жылы Сібе көл­де­рі­не, Алакөлге, Өскеменнен «Нұр­тау» шаңғы базасына баратын жолдар мен Күршім – Қалжыр, Өскемен – Тарғын – Самар, Бородулиха – Шемонайха және Сереб­рянск қаласына кіреберіс автожолдар қалпына келтірілді. Бұл өңірдің туристік әлеуетін көтеру мақсатында да жасалып отыр, – деді басқарма басшысы.

Ал «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов облыстағы республикалық дәрежедегі жолдарды жөндеуге ағымдағы жылы 5 миллиард теңге бөлінгенін айтады. Бұл қаражаттың 76,5 миллион теңгесі жолдарды қайта құруға, 1 миллиард 440 миллион теңгесі күрделі жөндеуге бағытталған. Қалған қаржы орташа жөндеу мен жол күтіміне жұмсалуда. Облыс әкімдігінің кеңейтілген мә­жі­лісінде өңір басшысы алдағы уа­қы­тта «Өскемен – Семей» жолы мен Осинов асуындағы айналма жолға көңіл бөлуді жүктеді. Об­лыс әкімінің айтуынша, келер жылы «Қалбатау – Өскемен» жо­­лына және «Ақсуат – Аягөз» жолы­ның 69 шақырымына жөндеу жүр­гізіледі.

– Жолды жөндеуде қиыршық тас пайдаланылатын мастикалы асфальтты кең қолдану керек. Еуропада жол төсенішінің осы түрі көп қолданысқа ие. Бағасы қымбат болса да, сапасы әлдеқайда жоғары, – деді жол құрылысы операторларына Д.Ахметов.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы