02 қар, 2017 сағат 10:43

Қырғызстандық балалар Атамбаевтан Қазақстанмен татуласуды сұрады (Видео)

Бішкекте оқушылар троллейбустың ішінде флешмоб ұйымдастырды. Олар қырғыз ұлттық аспаптарымен қазақтың муызкалық композицияларын орындады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қырғызстан-ға сілтеме жасап.

Қоғамдық көліктің ішінде Жумамудун Шералиев атындағы №6 балалар өнер мектебінің оқушылары «Ата Толғауы» композициясын орындаған.

Өнер мектебінің оқытушысы Толгонай Осмонованың айтуынша, балалар бұл күйді кездейсоқ таңдамаған. Олар Қырғызстан мен Қазақстанның президенттерін осылайша достасуға шақырғылары келгендерін жеткізген.

«Қырғыз және қазақ халқы біртұтас болуы керек, олар саяси сұрақтарға байланысты бөлінбеуі тиіс. Біздің мәдениетіміз де, дәстүріміз де бірдей. Біз екі елдің қашанда дос болғанын қалаймыз. Бұл флешмобты «Достастық» деп атауға болады», - дейді Осмонова.

«Ата Толғауы» - қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің оркестрлік поэмасы. Ұлы музыкант - 500-ден астам таңғажайып туындының авторы, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы.