Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қазақстандағы жалғыз манасшы, танымал жазушы, драматург Баянғали Әлімжанға «Достық» орденін табыстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың Жарлығына сәйкес, қырғыздың «Манас» эпосын Қазақстанда танытып, Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мәдени серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, айтыскер-ақын және манасшы Әлімжанов Баянғали Тоқанұлы «Достық» орденімен марапатталды.
«Маған үлкен құрмет көрсетіп, еңбегімді бағалады. Осындай маңызды орденді табыстағаны үшін қырғыз халқына алғыс айтамын. Мен қазақ эпостарын қалай жақсы көрсем, қырғыз эпостарын да солай сүйемін», - деді манасшы Баянғали Әлімжанов.
Әлімжанов Баянғали Тоқанұлы – ақын, жазушы, драматург, суырып салма ақын, жыршы-жырау, сатирик, сыншы, әдебиеттанушы, режиссер, сценарист, киноактер, тілші, кинодокументалист, тележүргізуші, аудармашы, балалар ақыны және балалар жазушысы, 50-ден аса кітаптың авторы.
Көп қырлы талантты қазақстандықтың туындысы Ұлыбританияда мойындалды және оны белгілі британдық Hertfordshire Press басылымы жариялады.
Еске сала кетсек, кеше Қырғыз республикасының президенті Садыр Жапаров Нұр-Сұлтанға мемлекеттік сапармен келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құраммен Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшылары ортақ бірлескен мәлімдеме жасады.