22 мау, 2020 сағат 17:02

КВИ жұқтырған науқастар қалай емделеді – Маман түсіндіріп берді

Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова КВИ жұқтырған науқастардың қалай емделетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус инфекциясы анықталғанда азаматтарды ауру белгісі бар және жоқ деп бөлеміз. Олар (КВИ белгісі жоқ адамдар – ред.) ауру адам емес, тек осы вирусты тасымалдаушы болып саналады. Оларды емдеу қажет емес. Ал екінші топ – ауру белгісі бар адамдар біздің хаттамаға сәйкес ем алады. Әр адам ЖРВИ, тұмау немесе КВИ белгісі бар болса, міндетті түрде тест тапсыруы қажет», - деді басқарма басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Маманның айтуынша, КВИ анықталған адамдарға дәрігерлер арнайы ем жазып береді. Олар үйде иммунитет көтеріп, түрлі витаминдер ішу қажет. Және емді міндетті түрде дәрігердің кеңесіне сәйкес алу керек. 

Сонымен бірге, ҚР Денсаулық сақтау министрінің зертханалық қызмет бойынша кеңесшісі Жанар Сүлейменова тұрғындарға өздігінен ем-дом жасамауға кеңес берді. 

«Әрбір пациент Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымына тіркелген және емханадағы мамандар бақылау жүргізеді. Сондықтан, үйде ем-дом жасамауға кеңес беремін. Коронавирус анықталған, бірақ симптомы жоқ адамдар өз жағдайын бақылап, дене қызуын өлшеуі тиіс. Ентігу, дене қызуының 38 градусқа жетуі, әлсіздік сынды белгілер байқалса, бірден жедел жәірдемге хабарласу қажет», - деді Жанар Сүлейменова.