27 қар, 2020 сағат 15:33

КВИ өршіген кезде медқызметкерлер 1 млн теңгеден айлық алды - Денсаулық министрі

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пандемия уақытында медицина қызметкерлері айына шамамен 1 миллион теңге айлық алғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл төлем әлі де беріліп келеді. Яғни, қауіпті жағдайда жұмыс істеген медицина қызметкерлері қосымша кепілдікке ие болуы үшін (инфекциялық стационарларда) бір айлық төлемге 200 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін ақша қосылды. Мәселен Алматыдағы инфекциялық аурухананың дәрігерінің айлығы 250 мың теңге. Әлбетте бұл ең жоғары болмаса да ең төмен де айлық деп те айта алмаймыз. Осы санаттағы дәрігер наурыз айынан қыркүйекке дейін 1,7 млн теңге және қосымша 850 мың теңге алды. Оның айлығы бұл кезеңде 7,7 млн теңгеге теңесті. Яғни айына ол шамамен 1,1 млн теңге алған», - деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Министр сонымен қатар инфекциялық стационардағы медбикелердің айлығы 153 мың теңге болғанын мәлім етті. 

«Аталмыш медбике қауіпті жағдайда жұмыс істегендіктен қосымша 850 мың теңгеден алды. Шамамен осы аралықта (7 айда) 7 миллион теңге тапты. Бұл – қауіпті жағдайдағы жұмыс барысында берілген айлық екенін ескеру керек», - деді ол.