04 қыр, 2020 сағат 08:42

Квазимемлекеттік сектордың сатып алулары жөніндегі заң жобасы әзірленді

Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың сатып алулары жөніндегі заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаражаты мемлекетке тиесілі, яғни оны үнемді әрі тиімді пайдалану - барлығымыздың міндетіміз. Сондықтан олардың сатып алу жүйесін мемлекеттік сатып алулар жүйесіне біріздендіріп, жақындату керек. Осы тұрғыда Қаржы министрлігі тиісті квазимемлекеттік сектордың сатып алулары жөніндегі заң жобасын әзірледі. Қазір заң жобасы Үкіметте қаралып жатыр», деді ол Үкімет үйіндегі өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда министр бір-екі айда аталған құжат Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетінін айтты. 

«Бұл заң жобасының мемлекеттік сатып алудан өзгешеліктері бар. Себебі квазимемлекеттік секторда кәсіпорындар жұмыс істейді, өнеркәсіптер бар, ол жерде қаржылық әрі банктік операциялар бар. Осы орайда мемлекеттік фукцияларға ұқсамайтын операциялар болғандықтан, заң жобасында ерекшеліктер ескерілген. Бұл заң жобасының негізгі жаңалықтарына тоқталсақ, біріншіден, квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне сатып алудың бірегей ережелерін орнату қамтылған. Екіншіден, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің сатып алуларына қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту және оларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті орнату болады. Үшіншіден, сатып алудың барлық рәсімдерін 100 пайыз электронды тәсілге ауыстыру (электронды шарттар, жұмыстың орындалуы жөніндегі электронды актілер, электронды шағымдану, камералды бақылау және т.б). қарастырылған», - деді Е. Жамаубаев.