20 сәу, 2017 сағат 09:59

Күйші Мағауия Хамзинді еске алуға арналған кеш өтті

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің, концерт залында күйші Мағауия Хамзинді еске алуға арналған «ХХ ғасырдың күй майталманы Мағауия Хамзин 90 жаста» атты шығармашылық кеш өтті.

Қазақстанның халық әртісі, қазақтың дәулескер күйшісі Мағауия Хамзиннің 90 жылдығына байланысты іс-шаралардың легі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында бастау алып, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде жалғасын тапты. Мағауия Хамзин – қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде сонау түркі дәуірінен бүгінгі таңға дейінгі саф қалпын сақтап келе жатырған, күй өнерінің майталманы. Күйшінің музейде жалғасын тауып, өтіп жатырған кешінің өзіндік мәні бар. Себебі музейде Мағауия Хамзиннің домбырасы сақтаулы тұр. Күйшілік өнердің ішіндегі шертпе күй саласына еңбегін сіңіріп, қолтаңбасын қалдырған Мағауия Хамзин, әсіресе Тәттімбеттің күйлерін үлкен шеберлікпен бізге жеткізді, сол сияқты өз жанынан да көптеген күйлер шығарды. Күй тартып қана қоймаған ол, Батыс Еуропаның классикалық музыкаларын Моцарттың, Брамстың, Рахманидтің сол сияқты шетел композиторларының көптеген туындыларын домбыраға лайықтап тартушы, алғашқы домбырашылардың бірі. Былайша айтқанда, виртуоз күйші деген атақ алған, дәулескер күйші. Мағауия Хамзин негізінен Тәттімбеттің күйлерін үлкен сахналық деңгейге көтерген бірден-бір орындаушы.

Кешті жүргізген, ҚР мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы. Концерттің  шымылдығы Мағауияның орындауындағы Тәттімбеттің күйі «Бестөре», Әшімтайдың күйі «Қоңырқазбен» ашылды. Орындған Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Айсарбек Ақияшев. Келесі болып, атақты бұлұл әнші Дәнеш Рақышевтың төл шәкірті, танымал әнші – Нұржан Жанпейісов шығып Әсеттің «Қысмет», «Ахау жалған» әндерін әуелетіп, залды дүр сілкіндірді. Кеште Мағауия Хамзиннің сегіз қырлылығын көрсететін, және бір ерекшелігі, өзінің тартатын домбырасын өзі жасап алатын қолөнер шебері болғандығы да айтылды. Күйші домбырасын үнемі жаңашалап отырған. Сахнаға Мағауияның жолын қуып жүрген, өзі шебер әрі күйші – Талант Тежекенов шықты. Мағауия Хамзиннің орындауында біздің заманымызға жеткізген ерекше күйдің бірі, Дайрабайдың «Дайрабай» күйі және айтулы күйші Төлеген Момбековтың «Асу» күйлері орындалды. Аңшылық, балықшылықпен де айналысқан Мағауия Хамзин бірде, Балқаш маңында бір қарияның әңгімесін тыңдайды. Қарияның жалғыз ұлы соғысқа кетіп хабар-ошарсыз оралмай қалған. Содан күйші, қарияның зілді әңгімесінен тебіреніп кетіп өмірге «Белгісіз солдат» атты күй әкеледі. Кеште «Белгісіз солдат» күйін, жас күйші Сырым Нұрмолдин орындады. Мағауия Хамзин көп жылдар бойы қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде дәріс беріп, көптеген шәкірт тәрбиелеген. Келесі болып шыққан өнерпаз, аталған оқу орынының 1 курс студенті Бекет Бексұлтан Тәттімбеттің күйі «Сылқылдақты» тартып көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонан кейін ортаға Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің оқытушысы Нұрлан Түменбаев шығып Мағауия Хамзиннің керемет күйі «Жайлауды» және айтулы күйші Боранқұл Көшмағамбетұлының өмірінің соңғы кезеңінде шығарған күйі, сирек орындалатын күй «Боранқұлдың күйі жұртта қалғанды» орындады. Адамның 62 тамырын бойлай тартылатын «Қосбасар» күйлерінің ішіндегі бір нұсқасы «Қосбасарды», белгілі күйші Ерболат Мұстафа күмбірлетті. Әбдидің күйі «Зарқосбасарды» кешті жүргізген Мұрат Әбуғазы өзі орындап шықты. Сондай-ақ Мағауия Хамзиннің алдын көрген, тікелей шәкірттерінің бірі, Аққыз Ахметова сынды қазақтың күйші қыздарының ізін басып жүрген Сәуле Қаниева, күйшінің жанынан шығарған «Шопан күйін», Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйлерін орындап көпшілікті тамсандырды.

Мағауия Хамзиннің атына арналған іс-шаралардың түйіні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде түйілді. Көрермендердің қошеметімен өнерпаздар ортаға шақырылып, музейдің басшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы Ұлжан Байбосынова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жарқын Шәкерім, белгілі қоғам қайраткері Жұмабек Табын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Рамазан Стамғазиевтер сахнаға көтеріліп, күйшінің өмірі мен өнері жөнінде естеліктерімен бөлісті. Өнерпаздар алғыс хаттармен марапатталды. Қазақ өнерінің ұлы күйшісі, шертпе күйдің еншісін бүгінгі күнге жеткізіп кеткен, ата жолын қуған атақты күйші әрі шебер – Мағауия Хамзин атына арналып өткен концерт, жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта да ұлылардың аспаптарын сақтап отырған қара шаңырақ, бұл күнде киелі шаңыраққа айналған музейдің сахнасында, қазақтың ұлттық өнері насихаталып, дарынды ұл-қыздары ұлықтала бермек.     

Бақытжан Қалнияз,

Ықылас атындағы халық музыкалық

аспаптар музейінің

аға ғылыми қызметкері.

Ұлт порталы