Бүгінгі таңда 83 жылдық тарихы бар Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – республикамыздағы ең ірі өнер ұжымдарының бірі. Өнер ошағы бүгінде талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шет елде өткен Халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.
Болашағымыздың жарқын, келер ұрпақтың білімді, салиқалы болуы бала тәрбиесіне тікелей байланысты екені хақ. Сол себепті де, әлемдік бәсекеге сай, рухани тұрғыдан бай, жан-жақты, білімпаз ұрпақ тәрбиелеу жолында ҚУЫРШАҚ театры аянбай еңбек етуде. 82-ші маусымның өзінде елордамыз Астанада, еліміздің басқа да аймақтарында гастрольдік сапармен болып, көрермен ықыласына кеңінен бөленді. Бішкек (Қырғызстан), Молдавия, Анкара (Түркия), Татарстан елдерінде өткен халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, жоғары марапаттарға ие болды.
83-ші маусымын жақында ашқан театр ұжымы кезекті III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АНКАРА фестиваліне шақырту алды. Үшінші рет өткелі отырған фестивальдің ұйымдастырушылары KUKSADER және THEATRE TEMPO ұйымдары. Аталмыш өнер мерекесі үстіміздегі жылдың қазан айының 19-27 аралығында өтеді. Фестивальдің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейтіп, халықаралық стандартқа сай ете отырып, кәсіби театр мамандары мен түрік суретшілері, режиссерлері, продюсерлері мен қарапайым өнер сүйер қауымның талабынан шығу, жаңа тынысын таныту. III Халықаралық Анкара театр фестиваліне биыл 4 түркиялық және 6 шетелдік өнер ұжымдары қатысып, бақтарын сынайды. Фестиваль барысында қойылымдардан тыс арнайы дәрістер, семинарлар оқылып, қуыршақ театр өнеріне байланысты көрмелер ұйымдастырылады.
Мемлекеттік ҚУЫРШАҚ театры фестиваль қатысушылары мен қонақтары назарына «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: Қ.Ешмұратова, С.Шүкіров) және «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) қойылымдарын ұсынады.
Айта кетерлік жайт, театр ұжымы 2017 жылдың 28 шілде мен 7 тамыз аралығында Анкара қаласында (Түркия) өткен Халықаралық театр фестивалінде «Қуыршақ думан» (реж.: Қ.Ешмұратова) қойылымымен қатысып, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшісінің атынан «Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркия Республикасында қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға қосқан үлесі үшін» атты арнайы алғыс хатпен марапатталған.